
2026 жылғы 3 ақпанда Марқакөл аудандық идеологиялық активінің отырысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылау және түсіндіру өткізілді. Аудан әкімі Рүстембек Набиолдаұлы Кемешев төрағалық еткен отырысқа аудандық мекеме және бөлім басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ Zoom режимінде ауылдық округ әкімдері қатысты.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі бағыттары мен маңызы кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, конституциялық реформаның басты мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту екені атап өтілді.
Актив отырысында аудандық мәслихат төрағасы Мамырбек Жәлімханұлы Калелов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Көксеген Қанапияұлы Базбиев, Марқакөл мектеп-интернат-колледжі директорының орынбасары Асел Бақытбекқызы Сарқытбекова және аудандық жастар ұйымының мүшесі Назерке Жанатқызы Жанатова баяндама жасап, өз пікірлерін білдірді.
Жиында аудан тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, еңбек ұжымдары мен әлеуметтік мекемелерде кездесулер өткізу міндеттері белгіленді.