
2025 жылғы 18 желтоқсанда Марқакөл ауданы мәслихатының кезекті отыз бесінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімі, мемлекеттік органдардың және жауапты салалық бөлімшелердің басшылары қатысты.
Сессияға мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстары алдын ала өткізілді, онда сессияның күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер егжей-тегжейлі қаралып, талқыланды.
Отырыс барысында ауданның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын тиімді басқаруға бағытталған негізгі мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі басты мәселе 2026–2028 жылдарға арналған Марқакөл ауданының бюджетін бекіту болды. Сонымен қатар, депутаттар Марқакөл ауданында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының іске асырылу барысы туралы ақпаратты тыңдап, 2025–2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесін талқылады.
Бұдан бөлек, сессияда Марқакөл ауданының жергілікті мемлекеттік басқару құрылымын бекіту, аудандық мәслихаттың 2026 жылға арналған жұмыс жоспары, сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған ауданның даму жоспары қаралды.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша жан-жақты талқылау жүргізіліп, нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданды. Қабылданған құжаттар жергілікті атқарушы органдардың қызмет тиімділігін арттыруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Сессия отырысы мәслихаттың ресми YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетілді, бұл өкілді орган қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп, аудан тұрғындарына сессия жұмысының барысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік берді.