Қоғамдастық жиналыс ХАТТАМАСЫ

Қоғамдастық жиналыс ХАТТАМАСЫ

Қоғамдастық жиналыс ХАТТАМАСЫ

05-06/25

 

  Рахат ауылы,

Рахат ауылы әкімі аппаратының акт залы                      «11» сәуір 2025 жыл

 

Төраға: Жаңаөзен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 

басшысы– Гүлайым Азан.

Қатысқандар: Қалалық мәслихат төрағасы және депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, Ардагерлер кеңес мүшелері, Жаңаөзен қаласындағы көше бойында орналасқан үй-жайлардың жалпы тұрғындар саны – 959 адам, Қоғамдастық жиналысына барлығы – 160 адам қатысты.

Хатшы: «Рахат ауылы әкімінің аппараты» ММ бас маманы – Асылтас Турарова.

КҮН ТӘРТІБІНДЕ:

 

  1. Жаңаөзен қаласына қарасты Рахат ауылының атауы жоқ көшелеріне атау беру туралы

(Г.Азан)

 

ТЫҢДАЛДЫ:

 1.1.  Г. Азан – Құрметті жиналысқа қатысушылар жиналысымыз өздеріңізге мәлім, Жаңаөзен қаласына қарасты Рахат ауылының атауы жоқ көшелеріне атау беру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Рахат ауылы, Мерей шағынауданының солтүстік шығысында орналасқан 45 көшесіне – «Өтес» атауын беру, 47 көшесіне – «Бірлік» атауын беру, 48 көшесіне – «Назқоңыр» атауын беру, 49 көшесіне – «Қазанат» атауын беру,                                51 көшесіне – «Серікбол Қондыбай» атауын беру, 52 көшесіне – «Ордалы» атауын беру үшін Рахат ауылы әкімінің орынбасары Данияр Сағынбаевтың баяндамасын тыңдап,  осы мәселе төңірегіндегі ой-пікірілеріңізді білдіріп, жиналысқа белсене қатысуға шақырды.

1.2. Д. Сағынбаев Күн тәртібіндегі ұсынымға сәйкес, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 тамыздағы № 211 бұйрығы негізінде әзірленген «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидалары» және 2024 жылғы 24 қаңтарда өткен отырысында мақұлданған Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар негізге алынды. Осы нормативтік құжаттар аясында бір тарихи тұлғаның – Серікбол Қондыбайдың өмірбаяны, олардың архивтік құжаттарының көшірмелері жан-жақты таныстырылды. Серікбол Қондыбайдың қазақ жерінің өлкетануына қосқан үлесі, еңбегі мен өлкетануға сіңірген қызметі ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, жер -  су атаулары бойынша қойылған атаулардың маңыздылығы толық ашылып, таныстырылды. Ономастика ұрпаққа қалдыратын рухани мұраның маңызды, әрі үлкен бір бөлшегі. Өте жауапкершілікпен атқарылатын күрделі жұмыс. Сондықтан жиналған көпшіліктің пікірімен қабылданған шешім маңызды.

СӨЗ СӨЙЛЕГЕНДЕР:

 Тоқберген Аманов – Иә, ауылымыздың атаусыз көшелеріне атау берілген өте орынды. Серікбол Қондыбай атауы атқа лайықты, танымал өлкетанушы екенін барлығымыз да білеміз. Ұлы даламызда атақ-даңқы елге мәлім абыздар мен халыққа қалтқысыз қызмет еткен асыл азаматтар көп. Ал бұл тұлға туған топырағында дүниеге келіп, сол жердің өлкетануында бар күш-жігерін арнаған. Осындай тұлғаларды құрметтеп, олардың өнегелі жолын қолдау – әрқайсымыз үшін үлкен мәртебе. Ал оң болсын, мен құптаймын.

Сәбит Ұлықпанов -  Бүгінгі дейін Рахат шағынауданы көшелеріне, Кендірлі ауылындағы көшелерге қойылып келген жер су атаулары өте орынды. Бүгінгі талқылауға түсіп жатқан жер су атауы «Қазанат» орнына, «Көкмойнақ» атауын және Ауған соғысы ардагерлерінің есімдерін қойса деген ұсыныстарым бар.

«Қазанат» жылқының тұқымына деген бүкіл қазаққа ортақ атау, осы атауды «Көкмойнақ» атауына, яғни осы атаумен 3 жылдан бері ұлы жорыққа қатысып жатырған командамыз бар, Адай жылқысының ерекше тұқымы екені белгілі, осылай атауды ұсынамын.  

Сонымен қатар, өзімізге белгілі атақты өлкетанушы, географ, этнограф ғалым Серікбол Қондыбайдың есімін беруді қолдаймын.

Тоқберген Аманов – Осы ұсынылып отырған көше атауларының есімдерін халық арасында насихаттау мақсатында жұмыстар жүргізсе деген ұсынысым бар.

Г. Азан – ұсыныстарыңыз өте орынды. Әр көшенің атауы болуы қажет.Осы атаулар халыққа дұрыс насихатталып, сол атаулармен халық арасында аталса нұр үстіне нұр болары анық. Әр атау сол тарихи өтпелі кезеңдердің бір куәсі. Баяндамада таныстырылған атаулар республикалық деңгейде бекітілген жер су атаулары және тарихи тұлға есімдерінен арнайы комиссия арқылы олардың деректерімен, маңыздылығымен толықтырылған. Бүгінгі ұсынылып отырған атаулардың да, мысалға «Назқоңыр» ән атауының өзі, адамның көңіл – күйін білдіретіндігін және халықтық тарихи атауға ие болған әннің шығуының да, мазмұнының да тарихында үлкен мән бар екендігін көреміз.

Кісі есімін беру бойынша ұсынысқа тоқталатын болсам, ұсынылған кісінің қоғамда орны бар тұлға екендігін  дәлелдейтін архивтік құжаттар мен мемлекеттік алған марапаттары тапсырылуы қажет, талаптарға сәйкес барлық құжаттары тапсырылған жағдайда, ономастика отырысына ұсыныс беретін боламыз.

Алдағы уақытта Сіз айтқан  «Көкмойнақ» атауын беру бойынша ұсыныстар ескеріледі.

 Сейтжан Исаберген - Бүгінгі өтіп жатқан ономастикалық жұмыс ерекше мәнге ие болып тұрғандай. Қоғамдық тыңдау барысында тұрғындар жан-жақты пікірлерін айтып, өз ойларын ортаға салып жатыр. Баяндамашы ініміз жер су атауларымен қоса, Серікбол Қондыбайдың өмір жолын еске салды. Әсіресе, Серікбол Қондыбаймен Шетпе ауылында көрші болып тұрдық. Менің әкемнің оқушысы болды. Үлкен азамат болып, бүкіл Қазақстанға ғалым мифолог деген атақпен танылып, үйде арбада таңылып отырып, өз еңбектерін жарыққа шығарған өлкетанушы болды. Осындай тұлғаның есімін ауылымыздың бір көшесіне беруді мен қолдаймын және оның сәтті жүзеге асуын тілеймін!Мұндай маңызды шараны құттықтап, оның дұрыс бағытта шешім тауып жатқанын атап өткім келеді.

Тұрғындардың ой-пікірлері тыңдалып, ұсыныстар ашық дауысқа салынды.

Қорытынды:

Қолдаушылар – 160

Қарсы – 0

Қалыс қалғандар – 0

 

ҚАБЫЛДАНҒАН  ШЕШІМ:

  1. Осы хаттамадан туындайтын өзге де шаралардың Заңнамада белгіленген тәртіппен орындалуын, соның ішінде ұсынымның облыстық ономастика комиссиясының қарауына жолдануын қамтамасыз етуді бақылау өзімде қалады. Қажетті өзге де шаралар қабылдансын.

 

Жиналыс төрағасы                                                                          Г. Азан

 Хатшы                                                                                        А. Турарова