Өңірдегі спорт және мәдениет саласындағы жұмыстар Маңғыстау облысының Қоғамдық кеңесінде қаралды

Өңірдегі спорт және мәдениет саласындағы жұмыстар Маңғыстау облысының Қоғамдық кеңесінде қаралды

Ағымдағы жылдың 29 мамыр күні Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы кеңес төрағасы Жүсіпов Бекмұрат Қыдырбайұлының төрағалығымен өткізілді. Жиын барысында өңірдегі дене шынықтыру және спорт саласын дамыту, бұқаралық спортты қолдау, спорт инфрақұрылымын кеңейту, сондай-ақ мәдениет және архив салаларындағы атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Отырыста Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан өңірде спорт саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар баяндалды. Қазіргі таңда облыста 43 спорт мекемесі жұмыс істейді. Аталған мекемелерде 25 мыңға жуық спортшы мен 1200-ге жуық жаттықтырушы еңбек етуде.
Сонымен қатар, соңғы жылдары спорт саласын қаржыландыру көлемі артып, жаңа спорт нысандарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Өңірде бұқаралық спортпен тұрақты айналысатын тұрғындар саны 342 мыңнан асып, бұл жалпы халықтың 42 пайызын құрап отыр.
Кеңес отырысында балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, инклюзивті спортты қолдау, халықаралық жарыстарға дайындық және спорттық туризмді дамыту мәселелері де кеңінен сөз болды.
Сондай-ақ жиында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі салаларындағы жұмыстар туралы ақпарат беріліп, мәдениет нысандарының құрылысы мен материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жобалар таныстырылды.
Отырысқа спорт және мәдениет салаларына жауапты басқарма өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, сала мамандары мен тиісті мекеме басшылары қатысты
Кездесу қорытындысында Қоғамдық кеңес мүшелері ұсыныс-пікірлерін білдіріп, өңірдің спорт және мәдениет салаларын одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігін атап өтті.