
Бүгін, 19 қараша күні, Маңғыстау облысының әкімі Қилыбай Нұрдәулет Игілікұлының қатысуымен облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырыста Қоғамдық кеңес мүшелері, облыс әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ басқарма басшылары мен мамандары қатысты.
Кеңес төрағасы Жүсіпов Бекмұрат Қыдырбайұлы кеңес жұмысы туралы қысқаша ақпарат беріп, кеңестің алдағы жоспарымен бөлісті.
Кеңес мүшелері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, халықтың өмір сапасын жақсартуға, балалар мен жастарға арналған жағдайды күшейтуге, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Отырыста Түпқараған ауданында жыл бойы жұмыс істейтін балаларға арналған сауықтыру лагерін ашу мәселесі көтерілді. Мұндай лагерь жаз мезгілінде ауданның барлық мектептерінен оқушыларды кезең-кезеңімен қабылдап, олардың демалысын мазмұнды өткізуге мүмкіндік береді. Ал күзгі, қысқы және көктемгі кезеңдерде бұл орын спорттық жиындар, шығармашылық шеберханалар, ғылыми мектептер мен түрлі дамыту бағыттарына арналған орталыққа айнала алады. Бұл бастама балалардың жыл бойы тиімді әрі қауіпсіз демалу және даму мүмкіндігін арттырады.
Сондай-ақ, кеңес мүшелері ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған емдеу-сауықтыру және реабилитациялық орталық ашу туралы бастама көтерді. Соңғы жылдары мұндай балалар саны артып келе жатқандықтан, логопедиялық, психологиялық, дефектологиялық, физио-терапиялық қызметтерге деген сұраныс жоғары. Ұсынылып отырған орталық балаларға кәсіби көмек көрсетіп қана қоймай, ата-аналарға, әсіресе аналарға әлеуметтік және консультациялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл қадам ауданның инклюзивтік дамуына елеулі үлес қосады.
Отырыс барысында білім беру саласын цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Кеңес мүшелері педагогтардың әдістемелік жұмысын бақылауды автоматтандыру, мектептер мен мұғалімдерге арналған бірыңғай цифрлық рейтингтік жүйе енгізу, сабақ нәтижелерін цифрландыру және білім сапасын тұрақты мониторингтеуді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бұл шаралар өңірдегі білім сапасының ашықтығын, тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, кеңесте Маңғыстау туризмін цифрландыру мәселесі де талқыланды. Қатысушылар өңірдің туристік әлеуеті артып келе жатқанына қарамастан, туристерді есепке алу және мониторинг жүргізу жүйесі толық цифрланбағанын атап өтті. Осыған орай, барлық туристік нысандар мен сервистерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа әзірлеу және оның негізінде өңірдің туристік саласын дамыту ұсынылды. Бұл бастама қызмет сапасын арттыруға және Маңғыстаудың туристік тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі Қилыбай Нұрдәулет Игілікұлы қоғамдық кеңес мүшелернің ұсыныстары бойынша тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар берді.