ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ҮШ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТ БОЙЫНША ЕСЕП ТЫҢДАЛДЫ
Қарақия аудандық Қоғамдық кеңесінің отырысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды.
Күн тәртібінде Қарақия аудандық білім бөлімінің 2026–2027 оқу жылына дайындық барысы және оқу жүйесінің жай-күйі, аудандық полиция бөлімінің атқарған жұмыстары, сондай-ақ аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының 2026 жылдың 7 айындағы қызмет нәтижелері бойынша есептер тыңдалды.
Алдымен аудандық білім бөлімінің басшысы Сауле Есенқызы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы баяндады. Қазіргі таңда ауданда 38 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Өткен оқу жылында 367 түлектің 268-і ҰБТ-ға қатысып, аудан бойынша орташа көрсеткіш 78 баллды құрады. Биыл 137 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Сонымен қатар мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету, педагог кадрлармен толықтыру, жөндеу жұмыстары, әлеуметтік қолдау және балалардың қауіпсіздігі бойынша атқарылған жұмыстар таныстырылды.
Келесі мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлан Жанабергенұлы Аманжол бөлімнің атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Баяндама барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау және профилактикалық жұмыстардың нәтижелері қамтылды.
Үшінші мәселе бойынша Қарақия аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Жансұлу Күмісқалиқызы Бабаева 2026 жылдың 7 айында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Мемлекеттік кірістерді қамтамасыз ету, салық түсімдері, берешектерді өндіру және салықтық әкімшілендіру бағытындағы жұмыстардың нәтижелері айтылды.
Отырыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелері баяндамашыларға сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.