Бүгін түске дейін аудандық мәслихат төрағасы Е. Махмутовтың төрағалығымен аудандық мәслихаттың кезекті XXIX сессиясы өтті.
Сессия жұмысына мәслихат депутаттарымен қатар аудан әкімі Ғ. Ниязов, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдері, облыстық тексеру комиссиясының мүшесі С. Килыбаев, аудан әкімдігінің дербес бөлімдері мен мекеме-кәсіпорындарының басшылары қатысты.
Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:
1. 2025 жылға арналған Маңғыстау ауданының және ауылдық округтердің бюджеттерінің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы;
2. Халықты әлеуметтік қорғау, ана мен баланы қорғау мәселелерін шешу, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына атаулы әлеуметтік көмек көрсету, қайырымдылық көмекті үйлестіру және ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу жұмыстары туралы;
3. Аудандық мәслихаттың 2025 жылғы 18 желтоқсандағы №24/191 «2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы;
4. Маңғыстау ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын бекіту туралы.
Сессия барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық тексеру комиссиясының мүшесі С. Килыбаев, аудан әкімінің орынбасары М. Сейлов және аудандық қаржы бөлімінің басшысы О. Күзембаевтың баяндамалары тыңдалды.
Аудан бюджетінен бөлінген қаржы қазіргі таңда бірқатар маңызды жұмыстарға қарастырылып отыр. Атап айтқанда, Шетпе ауылы бойынша электр және газ құбырлары жүргізілмеген жеке тұрғын үйлерге электр желілері мен газ құбырларын тарту, Шетпе ауылы кәріз жүйесі құрылысының ІІ кезеңі, Шайыр ауылына, Шетпе ауылының Қосбұлақ-1 және Қосбұлақ-2 шағын аудандарына ауылішілік су желілерін тарту, сондай-ақ Ақшымырау ауылы тұрғын үйлерін су құбырына қосу жұмыстары қамтылған.
Ал жол құрылысы мен жарықтандыру жұмыстарына қаржы қарастыру кейінгі кезеңге қалдырылды.
Аталған мәселелерге байланысты депутаттар тарапынан ұсыныс-пікірлер мен сұрақтар қойылып, оларға тиісті мекеме басшылары жауап берді. Аудан депутаттары бюджетті атқару барысында бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етумен қатар, жобаларды уақытылы іске асыру бойынша тиісті іс-шараларды қабылдауды ұсынды.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша мәслихаттың тиісті шешімдері қабылданды.