ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН МІНДЕТ НАЗАРЫМЫЗДА.

ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН МІНДЕТ НАЗАРЫМЫЗДА.

2025 жылдың 21 сәуірінде Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық мәслихаттарының депутаттары халық алдында жыл сайынғы есептік кездесуін өткізді. Кездесуге мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында қалалық мәслихат депутаты Риза Сүйіндік Қайырғалиұлы қалалық деңгейде атқарылған жұмыстар жөнінде мазмұнды баяндама жасап, нақты деректерге негізделген мәліметтермен бөлісті. Оның сөзінде әлеуметтік, инфрақұрылымдық және қоғамдық мәселелерге тоқталып, халықтың сұранысына сай бастамалар баяндалды.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар — бүгінгі күннің өзекті мәселелері. Атап айтқанда, теңіз жағалауындағы заңсыз саудагерлік сауалы көтерілді. Қала басшылығы бұл нысандардың басым бөлігі көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар арқылы жүргізіліп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты мәселені тек әкімшілік шаралармен емес, әлеуметтік әділет пен адамгершілік қағидаттары негізінде қарауға, тұрғындардан түсіністік танытуды сұрады.

Аталған жайттың заң талаптары негізінде қарастырылатынын жеткізді.

Сонымен қатар, 13-шағынаудандағы қоғамдық көлік аялдамасы, жауын-шашыннан кейінгі жолдардың сапасының сын көтермеуі, 16-шағынаудандағы инженерлік инфрақұрылым жайы, сондай-ақ абаттандыру саласы тұрғындардың көкейіндегі мәселелердің шешімі алға қойылды.

Қала тұрғындарымен жауапты кездесуді регламентке сәйкес жүргізіп отырған қала әкімі Ә.Байпақовпен мәслихат депутаттары барлық ұсыныс пен шағымның заң шеңберінде қарастырылып, оларды шешу мақсатында нақты іс-шаралар жоспарына енгізілетінін мәлімдеді.