Ақтауды көгалдандыру: қаладағы жасыл желектерді күтіп ұстау жұмыстары қалай жүргізіледі?

Ақтауды көгалдандыру: қаладағы жасыл желектерді күтіп ұстау жұмыстары қалай жүргізіледі?

Ақтауда жыл басынан бері 3589 ағаш отырғызылды. Оның қатарында 1867 дана жапырақты, 1722 дана қылқан жапырақты ағаш бар. Сонымен қатар 4000 дана көпжылдық гүл отырғызылды. Жүргізілген дендрологиялық жоспарға сәйкес, қазіргі таңда қалада 90 мыңнан аса ағаш бар, - деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жасыл желектерді күтіп баптау жұмыстарымен көгалдандыруға жауапты мекеме қызметкерлері айналысады. Солардың бірі - Ақтөре Жанаева. Ол коммуналдық салада 1996 жылдан бері еңбек етеді. Оның айтуынша, күнделікті жасыл желектерді күтіп баптау бойынша бірнеше бригада жұмыс істейді.

-Қазір цех басшысы болып қызмет атқарамын. Біздің жұмысымыз таңғы 8:00-де басталады. Қала бойынша әр бригада бөлініп өз жұмыстарын жасайды. Мысалы, бұтақтарды қиятын арнайы бригада бар. Жалпы талды егу үшін шұңқырын қазып, арнайы тыңайтқышын саламыз. Талды салғаннан кейін, ауасын шығарып нығыздаймыз. Ал ағаштарды әртүрлі аурулардан сақтау үшін дезинфекция жұмыстары жасалу қажет. Бұл жұмыстар сәуір айынан бастап қыркүйек айына дейін жүргізіледі, - деді коммуналдық сала қызметкері Ақтөре Жанаева.

Ақтау қаласындағы барлық ағаштар «Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағынан» алынады. Мамандардың айтуынша, қалада Маңғыстау топырағына бейімделген ағаштар арқылы көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. «Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағының» бас директоры Ақжүніс Иманбаева Ақтау қаласында өсетін ағаштар туралы ерекшелігін айтты.

-Әрбір өсімдікті көбейту жолы әртүрлі. Мысалы, катальпа ағашы суарумен қатар, күннің ыстығымен тез өседі. Гледичия мен софораны ыстық суға салып, көктемде шығара бастаймыз. Ал кейбір өсімдіктерді қараша айында еккен дұрыс. Себебі олар стратификациядан өту қажет. Жалпы соңғы кезде Ақтау қаласындағы жасыл желектің жағдайы жақсы деп айтуға толық мүмкіндік бар. Жаңа шағын аудандарда отырғызылған ағаштар көп. Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық музей маңында, 32А және 31А шағын аудан арасындағы жолдың бойында жасыл желектер жайқалып өсіп тұр, - деді «Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағының» бас директоры Ақжүніс Иманбаева.

Ағаштардың өсуіне қажетті жұмыстардың бірі - суару. Суару жұмыстары мердігер мекеме тарапынан күнделікті жүргізіледі. Қаладағы жасыл желектерді күтіп баптау жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі қадағалайды.

-Мердігер мекеме тарапынан жүргізілетін жұмыстар тексеріледі. Нақтырақ айтқанда, жасыл желектерді суару, отырғызу, түптерін қопсыту, тыңайтқыштарды салу, әктеу, ағаштардың қураған бұталарын кесу жұмыстарын қадағаланады. Ай сайын техникалық қадағалаушы ботаникалық бақ тарапынан атқарылмаған жұмыстар бойынша тиісті анықтама ұсынылады. Ұсынылған анықтамаға сәйкес, тиісті акт жасақталып мердігер мекемеге кемшіліктерді жою бойынша хабарлама жолданады, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисенов.

Жалпы биыл қалада жалпы саны 4581 жапырақты, 2650 қылқан жапырақты ағаш, 900 раушан гүлі және 20000 дана бұта отырғызу жоспарланған.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі