2025 жылғы 6 қазанда Ақтау қалалық мәслихатының кезектен тыс XXIV сессиясы өтіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындар әл-ауқатына қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Сессия барысында күн тәртібіне қойылған қала әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі тыңдалды. Өз баяндамасында қала әкімі өндіріс пен инвестицияны дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандар салу бағыттарында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Қаламызда 2024 жылы жалпы құны жоғары жеті ірі жоба іске қосылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл тағы да жеті өндірістік және инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Өткен жылы қалада 390 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткішті 408 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы 2 700 орындық құрайтын екі жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, биыл 80 балалар ойын алаңы мен 50 спорт алаңын орнату жоспарланған. Қалада инженерлік инфрақұрылым желілерін жаңарту, жол жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Отырыс барысында депутаттар өз округтеріндегі өзекті мәселелерді көтерді. Депутат Е. Байжигитов – 1-шағынаудандағы абаттандыру кезінде пандус орнату қажеттігін, Е. Оңғалбаев – Өмірзақ елді мекенін орталық канализация жүйесіне қосу қажеттігін, Г. Абишева – 14-шағынаудандағы абаттандыру сапасын арттыруды атап өтті. Ал Б. Алапанов 26 және 11-шағынаудандардың ортасында, перинаталдық орталыққа қарама-қарсы орналасқан жәрмеңкені басқа аумаққа көшіру мәселесін көтеріп қала әкімі Ә.Байпақовтан тұжырымды жауаптарын алды.
Сонымен қатар, күн тәртібіне енгізілген тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар тізбесін бекіту, әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жаңа құрамын бекіту мәселелері және бөлек, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару жобасы алдын-ала өткен кеңейтілген тұрақты комиссия отырысында жан-жақты талқыланып, аталған сессияда шешімдер қабылданды.
Депутаттар қала әкімінің есепті кезең ішінде орындалған жұмысына оң бағасын беріп, ауызбіршілікпен бірге атқарар ауқымды істеріне сәттілік тіледі.