ОҚУШЫЛАРДЫ ТАСЫМАЛДАУ МӘСЕЛЕСІ

ОҚУШЫЛАРДЫ ТАСЫМАЛДАУ МӘСЕЛЕСІ
2025 жылдың 25 қыркүйегінде Ақтау қалалық мәслихатының кеңейтілген комиссиясында Ақтау қаласының әкімшілік құрамына кіретін елді мекендердің қала мектептерінде оқитын оқушыларын көлікпен тасымалдау жүйесі басты тақырып болып, тасымалдау көліктерінің техникалық жай-күйі, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, бекітілген кестенің сақталуы, жауапты мамандар (медициналық тексеру) және т.б. осы шаруашылыққа қатысты мәселелер қаралды.
Бұл жиынға Ақтау қалалық полиция, облыстық білім және экономика басқармаларының өкілдері, қала әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Ақтау қалалық білім бөлімі, сондай-ақ оқушылары тасымалданатын жалпы білім беретін ұйымдардың директорлары қатысты.
Талқылау барысында депутаттар бұл мәселенің тек көлік паркін жаңартумен шектелмейтінін, оның институционалдық қырларын кешенді түрде зерделеуді талап ететінін атап өтті.
Сонымен қатар депутаттар оқушыларды тасымалдау процесін жетілдіру бойынша ұсыныстар берді.
Соған сәйкес аталған ұсыныстар оқушыларды тасымалдау ісіндегі жауапкершілікті қала әкімдігі мен салалық бөлімдердің үйлесімді қызметі арқылы сараланып, нақтыланып, жобаны мәслихатқа енгізу жөнінде қаулы қабылданды.