Ақтауда аялдама орнату жұмыстары жалғасып жатыр

Ақтауда аялдама орнату жұмыстары жалғасып жатыр

Ақтау қаласында қоғамдық көлік аялдамаларын орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінгі күнге дейін қала бойынша орнатылған аялдамалардың үлесі 85%-ды құрайды.

Ақтауда бұған дейін кей аялдамалар талапқа сай келмей, кейбірі тозығы жеткен, ал кейбір учаскелерде аялдама мүлде болмаған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қоғамдық көлікке деген қолжетімділігі мен жайлылығына кері әсер етті.

2025 жылы Ақтау қаласында 100 аялдама орнату және жаңарту жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 79 аялдама – жаңадан орнатылса, 21 ескі аялдама қайта жаңартылуда. Бүгінгі күнге дейін 85 аялдама толықтай орнатылып, пайдалануға берілді. Қалған жұмыстар жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

- Жаңа аялдама павильондарына жарықтандыру жүйелерін орнату, аумақты абаттандыру және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау жұмыстары қатар жүргізілуде. Бұл бастама қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға, қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындар қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, – деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Азамат Койчибаев.

Қала келбетін айшықтай түскен жаңа аялдамалар тұрғындардың оң бағасын алды. Заманауи үлгіде жасалған, жайлылығы мен ыңғайлылығы үйлескен бұл аялдама нүктелері көпшіліктің көңілінен шығып отыр.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі