Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті

2023 жылдың 21 сәуір күні облыстық мәслихат депутаты І.Тілептің төрағалығымен VIII шақырылған облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы болып өтті. Бірлескен отырысқа облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов, облыстық мәслихат төрағасы Н. Байқадамов және облыстық мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Т.Дүйсебаевтың есебі тыңдалды.

Баяндамадан соң, облыстық мәслихат депутаттары өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтар болсақ, А.Оңғарбаев 3580 мал басы сатып алынып, сүт және ет өндірісі 2-3% пайызға өседі деп көрсетілгенін айтып, аталған мал басы кімге және қандай шартпен берілетіндігін, Ж.Нұрымбетов жайылымдық жерлерді егістік жерлерге ауыстыру жөнінде комиссия құру, жолдары тазаланбаған су жолдарына су бермеу мәселесі, майдаланған шаруа қожалықтарды біріктіру немесе су пайдаланушы кооперативін құру, скважиналарға инвентаризация жасау, М.Нәлібаев кейбір аудандардағы судың көтерілетін, көтерілмейтін жерлеріне судың қажеттілігіне байланысты қазірден бастап бағыттауды, биылғы жылы көкөніс өнімдеріне қанша гектар жоспарланғандығы туралы,   Б.Махашов шаруашылықтарға, егінге бөлінетін жанар-жағар майдың квотасын көбейту, Ә.Шаймағамбетов күріштен бөлек өзге де дақылдармен айналысатын, жері тың 3 елді мекен: Жаңадария, Қаракеткен және Аққыр елді мекендерінде кәсіптің түрін дамытудағы қиындықтарды айтып, жақсы өнім беретін қант қызылшасы сияқты өнімдерді өндіріп, елді жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Ал депутат Ж.Ысқақ жайылымдық жерлері жоқ елді мекендер жайы, оның ішінде Жансейіт, Бестам және Жаңақорғандағы тау жақтағы ауылдарда жайылымдық жерлердің жоқтығы, жайылымдық жерлердегі су мәселесі, О.Төлепов қант қызылшасы 2-3 ай көлемінде өңделмесе сақтайтын жер болмай бұзылып кететіндігін ескере отырып, осы мақсатта ірі көлемдегі зауыт қажеттігін, Ж. Ембергенов шағын шаруашылықтарды егістікке ауыстырған жағдайда суды көп қажет етпейтін дақылдарды еккен кезде жаппай шектеу қоймай, олардың дамуына кері әсері тимеуі үшін түсіндірме жұмыстарын дұрыс жүргізсе деген талап-тілегін жеткізді.

Сондай-ақ, І.Тілеп егістікке берілетін жанар-жағар майдың лимиті, ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы зейнет жасына дейін ғана берілетін қаржының зейнет жасынан асып кеткен көптеген шаруашылық басшыларына кері әсерін, олардың жайын, қуаңшылық кезінде жоспарланған скважина салу мәселесін және т.б ұсыныстарын жеткізді.

Екінші мәселе «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық экономика және қаржы басқарма басшысы Н.Қордабайдың тарапынан қысқаша хабарлама жасалып, үстіміздегі жылғы 20 сәуір күні өткен тұрақты комиссиялардың отырысында депутаттардың тарапынан болған сауалдарға толыққанды жауаптар берілді.

Күн тәртібіне ұсынылған облыс бойынша іске асырылуы жоспарланатын  жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту, облыс әкімінің дербес құрамын келісу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның, терроризмге қарсы облыстық комиссияның құрамын бекіту, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінің құрамын бекіту, азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін беру, әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау, облыста жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларын бекіту, облыс бойынша тексеру комиссиясының ережесін бекіту, облыстық сайлау комиссиясының құрамын сайлау және өзге де мәселелер бойынша тиісті басшылардың хабарламалары тыңдалды.

Күн тәртібіне ұсынылған 15 мәселе бойынша шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды.

Отырыс соңында, қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселеге айналған кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа байланысты, құқық бұзушылық пен оның алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Ш.Әмитов пен облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбетовтың баяндамалары тыңдалды. Аталған мәселеге сәйкес, депутаттар өзара ой-пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды.