VIII шақырылым І сессия. Жаңа құрам

VIII шақырылым І сессия. Жаңа құрам

Бүгін облыс әкімі Н.Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорда  облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымының алғашқы сессиясы өтті. Күн тәртібінде Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасын сайлау, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру және олардың тізбесі мен сандық құрамын белгілеу, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамын және төрағаларын сайлау, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияны тіркеу туралы 4 мәселе қаралды. Сессия барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Ерсұлтанов хабарлама жасап, жаңадан сайланған мәслихат депутаттарына мандаттарын табыстады.

-Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр» деген еді.

Шын мәнінде елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы Қызылорда облысында да заң талаптарына сай ашық әрі әділ өткізілді.

Қорытындыға сәйкес, Қызылорда облысындағы 486002 сайлаушының 67,21 пайызы дауыс беруге қатысты. Осылайша республикадағы белсенділік бойынша аймағымыз бірінші орынға шықты.

Облыс бойынша барлық деңгейдегі мәслихатқа 152 мандат белгіленді. Оның 32-сі облыстық мәслихат еншісінде. 16-ы партиялық, 16-ы мажоритарлық жүйе бойынша сайланды.Облыстық мәслихат депутаттығына партиялық тізімдер бойынша 6 саяси партия қатысты.

Құрметті депутаттар! VІІІ шақырылымның депутаты болған барша азаматтаakoрды құттықтаймын, ел мүддесі жолындағы еңбектеріңіз табысты болсын! – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Ерсұлтанов.

Жиында облыстық мәслихаттың төрағасы болып Наурызбай Байқадамов тағайындалды. Мәслихаттың 2 тұрақты комиссиясы құрылып, олардың атауы Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия және Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия болып бекітілді. Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы  Б.Шәменова, ал Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Б.Сандыбаев тағайындалды.

Сондай-ақ, алғашқы сессия отырысына қатысқан облыс әкімі  Нұрлыбек Нәлібаев мәслихаттың жаңа құрамын құттықтады.

- Баршаңызды Қызылорда облыстық мәслихаты сегізінші шақырылымының алғашқы сессиясының ашылуымен құттықтаймын! Мандатқа ие болып, депутат атанған азаматтардың қызметіне табыс тілеймін!

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміз үшін аса маңызды саяси реформалар жүзеге асуда.

Бір жылға жуық уақыт ішінде бес саяси науқан өткізілді. Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдумды қоса алғанда, Президент сайлауы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты, Мәжілісі және мәслихаттар сайлауы азаматтарымыздың жаңа саяси мәдениетінің дамуына мүмкіндік берді.

Біз осы реформалар арқылы саяси жаңғыруға, «Әділетті Қазақстанды» құру жолына қадам басудамыз.

Күні кеше Мемлекет Басшысы сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында елді дамытуға бағытталған сегіз басымдықты айқындап берді.

Біздің де алдымызда Өздеріңізбен бірлескен нақты міндеттер бар. Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың құрамы білім мен ғылым, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, азаматтық қоғам, мәдениет және спорт саласының өкілдерінен қалыптасты.

Ерекше атап өтуіміз қажет, жетінші шақырылым депутаттарымен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылға облыс бюджеті 520,7 млрд.теңге көлемінде бекітілді.

Нақтылаумен бүгінгі күні оның көлемі 542,3 млрд.теңгеге жетті. Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда (364 млрд.теңге) 178,3 млрд.теңгеге немесе 50 пайызға артық.

Бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы сақталып, оған бюджеттің 70 пайызы немесе 374,7 млрд.теңгесі бағытталды.

Құрметті депутаттар! Сіздерге сайлаушылар үлкен аманат жүктеп отыр. Дана халқымызда «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» деген жақсы сөз бар.

Бір жағадан бас - бір жеңнен қол шығарып еліміздің, аймағымыздың дамуы бағытында аянбай қызмет жасауға шақырамын, - деді  облыс әкімі Н.Нәлібаев.