Кезекті сессия: кезек күттірмейтін мәселе

Кезекті сессия: кезек күттірмейтін мәселе

11 шілде күні облыстық мәслихаттың кезекті 17 сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, барлық деңгейдегі мәслихат хатшылары мен құқық қорғау органдарының басшылары және тиісті басқарма басшылары қатысты. Сессияға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов төрағалық етті.

Күн тәртібінде 15 мәселе қаралды. Алғашқы болып облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау туралы есебі және биылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша Нұрлыбек Машбекұлының баяндамасы тыңдалып, аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін саралап өтті.

– Есепті кезеңде облыстың экономикалық дамуында оң тенденция бар. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,4 процентке, инвестициялар тарту 14,7, құрылыс жұмыстары 8,3, пайдалануға берілген тұрғын үйлер  11 және сауда 1,4 процентке артты. Дегенмен, өнеркәсіп өндірісі жыл басынан бері төмендеп келеді. Өйткені, өңірде мұнай өндіру көлемі жыл сайын азаюда. Оның ең жоғары көлемі 2007 жылы 11,7 млн тоннаны құраған, биылғы болжам бойынша тек 3,5 млн тонна мұнай өндіруге болады. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,5 процентке артып, 52876-ны құрады. Биыл өңірге 373,5 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Осы орайда Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығында құны 654 млрд теңгенің 46 жобасын жүзеге асыру жүргізілуде.

Мамыр айында өңірімізге Ұлттық экономика және Энергетика министрлері арнайы жұмыс сапарымен келіп, бірқатар жобаларға қолдау білдіретінін жеткізді. Соның бірі – құны 215 млрд теңгені құрайтын, қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электр станциясын салу. Жобаның іске қосылуы 2025 жылға жоспарлануда. Тағы бір мәселе – «көгілдір отынмен» қамту. Біз аудан орталықтарын толықтай газға қостық. Бүгінде табиғи газды облыс халқының 67 проценті тұтынады. Биыл ауылдық елді мекендерді газдандыру бойынша 13 жобаны іске асыру басталды, оның 7-ін осы жылы аяқтаймыз. Нәтижесінде, 15 мыңнан астам халқы бар 8 елді мекен табиғи газға қол жеткізеді. Осылайша, газ тұтынатын халық санының үлесі 68 процентке жетеді.

Біздің міндет – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді бюджетті қалыптастыру. Облыс бюджетінің әлеуметтік бағыттылығы сақталды, құрылымында әлеуметтік саланың үлесі 276,1 млрд теңгені немесе жалпы шығындар көлемінің 63,8%-ін құрайды. Облыс бюджеті субвенциялы екені барлығына мәлім, дегенмен, өз кірістерімізді жылма-жыл ұлғайту шараларын атқарудамыз, – деді аймақ басшысы Н. Нәлібаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы маңызды мәселелердің бірі ретінде облыстың қарыз міндеттемелері бүгінгі күнге 101,1 млрд.теңгені құрағанын алға тартты. Жыл соңына дейін тек білім саласының өзіне педагогтердің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа төмендеуіне байланысты 12 млрд.теңге, балабақшалардағы жан басына қаржыландыру әдістемесіне экологиялық коэфициенттің есептелмеуінен 3,4 млрд.теңге, жобалық қуаты 100 орынға дейінгі мемлекеттік балабақшалардың еңбекақысы мен коммуналдық шығындарына 1,7 млрд.теңге, барлығы 17,1 млрд теңгенің қажеттігі бар.

Сессия алдында өткен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында күн тәртібіндегі мәселелер түгел қаралып, талқыланған болатын. Онда 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөнінде облыстық тексеру комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы Р. Мұсабеков, облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Н. Қордабай және облыстық мәслихаттың экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Т. Жақыпбаевтың хабарламалары тыңдалды.

Сонымен бірге облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық жалақыларына бюджет қаражаты есебінен ынталандыру үстемеақыларын белгілеу мәселесі қаралды. Бұл жөнінде облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Н.Қордабай хабарлама жасап, «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы қаулысына өзгеріс енгізілгенін, енгізілген өзгеріске сәйкес тиісті жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына жергілікті бюджет қаражаты есебінен ынталандыру үстемеақыларын белгілеу құқығы берілгенін айтып, үстемеақыларының мөлшерімен таныстырды. Алайда, сессия отырысында оның нақты мән-жайын аймақ басшысы түсіндіріп, бұл ұсынысқа қолдау білдіруді сұрады.  Облыс әкімі облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарда төмен жалақымен жүрген қызметкерлердің айлықтарын тек осы ережемен ғана көбейту мүмкін болып отырғандығына тоқталды.

Облыстық бюджетті нақтылау барысында 2 әлеуметтік нысанды газдандыру бойынша 2 жоба, 4 әлеуметтік жоба және «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен қаржыландырылған 17 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газдандыруға, сонымен қатар, «ArtSport»-ты дамытуға 364,9 млн.теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ, халықтың осал топтарынан шыққан болашақ білім алушы 100 студенттің оқу ақысын төлеуге және әлеуметтік көмек көрсетуге қаражат бөлінетін болады.

Одан соң,  күн тәртібіндегі «Қызылорда облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу», «Облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуінің 2022 жылға арналған күнтізбесін келісу», «Облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның құрамын бекіту» және өзге де мәселелер талқыланды.

Сессияда ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, «AMANAT» партиясының мәслихаттағы фракция жетекшісі Л. Төрешова, «Ауыл» партиясының мәслихаттағы партия жетекшісі С. Өмірзақов сөз алып, өз  ұсыныс-пікірлерін білдірді.