
16 қыркүйек күні облыстық мәслихат депутаты, Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Бауыржан Сандыбаевтың төрағалығымен сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 9 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі «Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының есебі туралы» мәселе бойынша басқарма басшысы Ж.Сыздықов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, негізгі бағыттарға тоқталды.
Баяндамадан кейін депутаттар бірқатар өзекті сауалдарын қойып, көтерілген мәселелерге облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов және басқарма басшысы Ж.Сыздықов егжей-тегжейлі жауап берді.
Одан соң, тексеру комиссиясының мүшесін тағайындау мәселесі қаралып, комиссия төрағасы М.Қалдарбеков хабарлама жасап, тексеру комиссиясының мүшесі лауазымына Қармыс Сәкен Қуанышұлының кандидатурасын ұсынды.
Сонымен бірге, облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы С.Мырзабеков «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе бойынша хабарлама жасап, үстіміздегі жылғы 15 қыркүйекте өткен 2 тұрақты комиссия отырыстарында депутаттар көтерген сұрақтарға жан-жақты, нақты жауаптарын берді.
Күн тәртібінде сондай-ақ, Қызылорда облысының полиция департаменті басшысының есебі; Қызылорда облысының өңірлік нышанын бекіту; Өңірлік үйлестіру кеңесінің құрамын бекіту туралы облыстық мәслихаттың шешіміне өзгеріс енгізу; облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларын сайлау туралы шешімге толықтыру енгізу; Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебі сынды өзге де мәселелер талқыланды.
Отырыс соңында депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, күн тәртібіне ұсынылған 9 мәселенің барлығы бірауыздан мақұлданып, шешім жобасы сессия қарауына жіберілді.