Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті

Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті

19 мамыр күні облыстық мәслихат депутаты, Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Бауыржан Сандыбаевтың төрағалығымен сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.

Бірлескен отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов, облыстық мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 7 мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ф.Аббасова хабарлама жасап, депутаттар тарапынан келіп түскен 33 ұсыныс бойынша қолдау тапқан 16 депутаттық мәселеге қысқаша тоқталып өтті.

Хабарламадан соң, депутаттар тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов, облыстық мәслихат депутаты Б.Шәменова және тиісті басқарма басшылары тарапынан жан-жақты, нақты әрі егжей-тегжейлі жауаптар берілді.

Одан бөлек, күн тәртібіндегі «Қызылорда қаласының сыртқы жарықтандыру жүйелерін реконструкциялау, қызмет көрсету және күтіп-ұстау» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы; «Қызылорда қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы»; «Қызылорда қаласында жер учаскелері жеке меншікке берілген кезде олар үшін төлемақының базалық ставкасын белгілеу туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы; «Қызылорда облысының аудандық маңызы бар қалаларда, кенттер мен ауылдық елді мекендерде жер учаскелері жеке меншікке берілген кезде олар үшін төлемақының базалық ставкаларын белгілеу туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы; «Қызылорда облысы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру туралы»; «Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларын сайлау туралы» шешіміне толықтыру енгізу туралы мәселелер талқыланды.

Отырыс соңында депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, күн тәртібіне ұсынылған 7 мәселенің шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды.