Меню

Страницы

Статья

Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл

Ширек ғасыр - бір белес

Тәуелсіздікпен бірге толысып, билік буынымен берік, ел-жұртпен етене қызмет атқарып келе жатқан мәслихаттарға биыл 25 жыл толып отыр. Бұл тарих үшін қас қағым сәт болуы мүмкін. Алайда, өткен күндердің өлшемімен қарағанда осы уақыт аралығында халық игілігі үшін қаншама қыруар тірлік атқарылғанын аңғару қиын емес.

Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 25 жылдығына орай Қызылорда облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен «Жергілікті өкілді орган – мәслихаттардың өңір дамуындағы орны мен рөлі» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференция жұмысына Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, облыстық мәслихаттың ардагерлері, облыстық мәслихаттың 1-6 шақырылым депутаттары, аудандық мәслихаттардың 1-6 шақырылым хатшылары, ғалым-ұстаздар қатысты.

Мәслихаттар институтының негізі 1993 жылы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізінде қаланды. Осыған орай, 1994 жылдың наурызынан бастап оған дейін жергілікті мәслихаттар қызметін атқарып келген облыстық, қалалық, аудандық кеңестердің уәкілеттілігі өкілді орган – мәслихаттарға берілді.

Конференция ашылуында «Жергілікті өкілді орган – мәслихаттардың өңір дамуындағы орны мен рөлі», «Халықтың өмір сүруін қамтамасыз етудегі жергілікті өкілді басқарудың рөлі мен маңызы», «Мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер – өзін өзі басқару жүйесінің негізі» тақырыптарында баяндамалар тыңдалды және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне байланысты ұсынымдар талқыланды.
Конференция барысында аймақ басшысы Қуанышбек Досмайылұлы бірқатар халық қалаулыларын «Nur Otan» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, «Құрмет грамотасымен», және «Алғыс хаттармен» марапаттады. Сонымен қатар, Облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов аймағымыздың дамуына үлкен үлес қосқан азаматтар мен депутаттарға «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» төсбелгісін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасын, «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медалін табыстады.

Сондай–ақ, 6-шы шақырылым депутаты Әлімқұлов Темірхан Мәлікұлы «Үздік депутат-2019» төсбелгісімен, Дәуленбаев Әнуар, Өтеев Мнажадин Сражадинұлы, Нұрымбетов Жорабек Ибрагимұлы және ардагер депутаттар Дүйсебеков Сәулебек Шәуленбекұлы, Ерманов Ермекбай Тлеуұлы «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» төсбелгісімен марапатталды

 

Қызылорда облыстық мәслихатының 25 жылдығына орай «Жергілікті өкілді орган – мәслихаттардың өңір дамуындағы орны мен рөлі» тақырыбында өткізілген ғылыми-практикалық конференцияда техника ғылымдарының докторы, профессор, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы 

Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновтің 

«Жергілікті өкілді орган – мәслихаттардың өңір дамуындағы орны мен рөлі» туралы жасаған баяндамасы

25 жылдық тарихы бар Мәслихат өз қызметін, Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңнамасына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, мәслихат регламентіне сәйкес жүзеге асыратын, халықпен сайланатын және оның еркін білдіретін жергілікті өкілді орган.

Еліміздің тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданғаннан кейін мемлекеттің даму бағытын айқындайтын, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған бірқатар заңдар дүниеге келді. Солардың бірі 1993 жылы 10 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Қазақстан Республикасының  заңы болатын. Осы заңды негізге ала отырып, 1994 жылы елімізде жергілікті мемлекеттік органдардың жүйесін реформалау үдерісі басталып, Конституцияға сәйкес билікті бөлу тұжырымдамасы қабылданды.  Тұжырымдама негізінде елімізде жергілікті өзін-өзі басқарудың және оны одан әрі дамытудың құқықтық негіздері қаланды.

1993 жылы 9 желтоқсанда қол қойылған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес елімізде алғашқы мәслихаттар сайлауы 1994 жылы 7 наурызда өткізіліп, Қазақстанның қалыптасуында ерекше рөл атқарған жергілікті өкілді  билік органдары - әр деңгейдегі мәслихаттар өмірге келді.  25 жылдық тарихы бар бұл мәслихаттар  осы кезден бастап заң шеңберінде жергілікті халықтың еркіндігі мен ерікті іс-әрекет етуін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган өкілеттігіне ие болып, қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, азаматтардың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыруға араласа бастады.

1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттік билікті атқарушы, өкілді және сот тармақтарына бөлудің демократиялық қағидасын бекітіп, алғаш рет Қазақстан Республикасы азаматтарына жергілікті өзін-өзі басқару құқығын берді.

Алғашқы шақырылымдарда облыстық мәслихат жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын, Қазақстан Республикасы Президентінің      Жарлықтарын, Жоғарғы Кеңес пен Министрлер Кабинетінің қаулыларын және облыстың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының орындалуын жүзеге асыруға қомақты үлес қосты. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі мәслихаттар мен әкімдердің өз құзіреті шегінде қабылдаған шешімдерінің нақты іске асуын және билік орындары арасындағы өзара байланысты, халықтың жергілікті істерді басқаруға қатысуын қамтамасыз етті.

Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында облыстық мәслихат экономиканы әртараптандыруға, оны жаңаша даму жолына түсіре отырып, ел дамуының жаңа бағыттарын айқындауға белсенді атсалысты. Ең бастысы, өз сайлаушыларының ел болашағына деген сенімін арттырды. Облыстық мәслихат сессияларында облысты өркендетудің жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, облыс бюджеті мен оған енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды бекітіп, олардың орындалуын назарға алып, өз құзіреті шегінде өзге де өкілеттіктерді абыроймен атқара білді.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылы жарияланған «Қазақстан - 2030» Стратегиялық даму бағдарламасында  орталық   және   жергілікті   билік органдарының өкілеттігі айқындалып, басқару жүйесі орталықсыздандыру қағидасын іске асыратын кәсіби мемлекет құру мәселесіне басты назар аударылды. Ал, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңы жергілікті мемлекеттік басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу, оның органдарының құзіреті мен қызметін ұйымдастырудың тәртібін, мәслихат депутаттарының құқықтық мәртебесін нақтылады. Жаңа заң талабына сәйкес өкілді органның да, оның депутаттарының да өкілеттік шеңбері кеңейді. Халық қалаулылары сайлаушылардың талап-тілектерін, ұсыныс-пікірлерін басшылыққа ала отырып, халықтың әл - ауқатының жақсаруына, экономикалық әлеуетінің көтерілуіне өз үлестерін қосты.

Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында жаңаша өсу, өрлеу, өркендеу жолымен бастаған облыстық мәслихат депутаттары кезекті сессиялары мен тұрақты комиссиялар отырыстарында заң талабына сәйкес өз құзыретіндегі мәселелерді байыптылықпен қарап, өміршең шешімдер қабылдауға мүмкіндік алды. Ел өміріндегі оң өзгерістерді, Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларын қолдай отырып, жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығына белгіленген  міндеттерді шешуге белсенді түрде қатысты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси қиындықтарды еңсере білген Қазақстан бүгінде әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде түбегейлі өзгерістер жасалды. Айталық, Қазақстан Республикасының Конституциясына 2007 жылы еңгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша мәслихаттарға саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынысымен аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын сайлауға байланысты қосымша өкілеттіліктер берді. Мәслихаттардың өкілеттік мерзімдері 4 жылдан 5 жылға ұзартылып, жергілікті атқарушы органдар басшыларының есебін қарау, әкімдерді тағайындау мәслихаттардың келісімімен жүзеге асатын болды. Аталған конституциялық өзгерістер еліміздің саяси өмірінде Парламент Мәжілісі депутаттарының партиялық тізім бойынша сайлануына, ал барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауда көппартиялық жүйенің дамуына кең жол ашты. 2007 жылы тамыз айында өткен Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау алғаш рет көппартиялық жүйе бойынша өткізіліп, халықтың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік берді. Бұл сайлау саяси партиялардың рөлін күшейтті және соның нәтижесінде басым көпшілігі жеңіске жеткен партия мүшелерінен тұратын жаңа үлгідегі мәслихаттарды өмірге әкелді.

Өздеріңізге белгілі, 2007 жылы өткен сайлауда «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сол уақыттан бері қашанда мақсатының айқындығымен ерекшелене отырып, мемлекеттің іргетасын бекітуде, экономикалық өсім мен саяси ахуалды тұрақтандыруда жалпыхалықтық қолдауға ие болған «Нұр Отан» партиясы Қазақстан Республикасы  Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарда жетекші рөлге ие болып келеді. Қазіргі таңда аталмыш реформалық бағыттың мемлекеттік саясатқа сай ұстаным екендігін мәслихаттардағы «Нұр Отан» партиясының фракциясына біріккен халық қалаулылары өздерінің нәтижелі жұмыстарымен көрсетуде. Фракция мүшелері республика, облыс көлемінде болып жатқан саяси оқиғаларға қызу үн қосып, барлық өтетін іс-шараларға белсене араласып келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында да «Біз өз жұмысымызда Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт Жоспарын толыққанды жүзеге асыру қажеттігін басты назарда ұстауымыз керек»- деп нақты тапсырма бере отырып, депутаттар Үкіметке өзекті мәселелерге қатысты сауалдарын жолдап, нақты шаралар қабылдауды талап ете отырып, өздеріне берілген заңды құқықтарын пайдалануы қажеттігін, алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс»,- деп атап өтті.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2019 жылы қараша айында партияның аймақтық филиалдарының өкілдерімен кездесу барысында: «Біз әр әкімнің және мәслихаттардағы фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін түбегейлі күшейтуіміз керек. Бүгінгі таңда барлық реформалар аймақтарды дамытуға бағытталған. Мәселен, соңғы 10 жылдың ішінде жергілікті бюджет 4,7 трлн теңгені құрап, 3 есеге жуық өсті. Бөлінген қаражаттың жұмсалуына нақты партиялық бақылауды қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар, депутаттар жұмысын одан әрі жақсарту және барлық мәслихаттардың мәртебесін нығайту жөніндегі шараларды қабылдау қажет»- деді.

Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясының «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» атты саяси Доктринасында мемлекеттің жаңа саяси бағыттағы рөлінің нақтыланғаны белгілі. Ол Елбасының бастамасы арқылы мемлекеттің саяси бағытының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, еліміздің даму стратегиясына қызмет етеді. Доктринада мемлекеттің азаматтар сұранысына қызмет етуін негізге алған жаңа қағидалар белгіленді. Бұл – әрбір азаматты жан-жақты қолдайтын, оның еркіндігі мен құқығына кепіл беретін және кез-келген азаматтың өз мүмкіншіліктерін жүзеге асыруға қажетті мол мүмкіндіктер ұсынатын мемлекеттің белгісі. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында  «..азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деп нақты көрсетіп берген болатын. Міне, бұл қағиданы жоғарыда аталғандай, азаматтық қоғам құруға бастайтын жетекші ұстаным деп бағалаған орынды. Бүгінгі күні осындай талапқа сай халық  қалаулыларының өз сайлаушылары алдында есеп беруінің жолға қойылуы олардың халықпен тығыз байланыс орнатып, атқарған істерінің жариялылығын арттыруға кең жол ашты.

Уақыт алға жылжыған сайын өкілді орган – облыстық мәслихат қызметінде жаңаша тың серпін, соны бетбұрыстар пайда болды. Жергілікті билік – мемлекет­тік басқарудың негізгі буыны екені ескеріле отырып, әкімшілік реформа жергілікті билікке елеулі өкілеттіктер берді, мәслихаттар ауыл, ауылдық округ, аудан­дық маңызы бар қала деңгейін­дегі бюджетті дербес қалыптас­тыра алатын болды. Коммуналдық мен­шікті дербес басқару, жер ресурстарын басқару сала­­сын бақылау, лицензиялаудың, аттестаттаудың, басқа да бақы­лаулардың түрлері мәслихат қарауына берілді. 2018 жылдан бастап жаңа бюджеттің IV деңгейі енгізілді.

Бүгінгі күні Қызылорда облыстық мәслихатында депутаттар «2016-2020 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында аймағымыздың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді араласуда. Сыр өңіріндегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты қамтамасыз ету барысында жергілікті атқарушы органдармен тығыз  байланыс,   өзара құрмет   пен   ортақ  мүдде жолында  бірге  жұмыс  жасау  облыстық мәслихат қызметінің басым бағытына айналды. Мәслихаттағы 4 тұрақты комиссиялардың жұмысы заман талабына сәйкес жаңа бағыт алып, сессияларда қаралатын мәселелердің ауқымы кеңейді. Облыстық мәслихат және оның депутаттарының жұмысы жаңаша демократиялық сипатқа ие болып, олардың сайлаушылармен байланысы нығайып, белгіленген кестеге сәйкес депутаттардың сайлаушылармен кездесулері, қабылдаулар ұйымдастырылады. Мәслихат сессиялары мен тұрақты комиссияларына ұсынылған мәселелер бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу үрдісі қолданысқа енді. Әрбір сессия алдында депутаттардың сайлаушылармен кездесуі ұйымдастырылып, олардың ұсыныс-пікірлерін жинақтау ісі жүйелі жолға қойылды.  Депутаттардың сайлаушыларды қабылдауы, өтетін орны мен уақыты туралы ақпарат  облыстық БАҚ-да және мәслихат сайтында жарияланып отырады. Сонымен қатар халыққа мәслихаттың қоғамдағы рөлі мен депутаттардың атқарып жатқан жұмыстарын терең түсіндіру мақсатында медиа-жоспар әзірленіп, облыстық телеарналарда сұхбаттар беріліп, газеттерде депутаттың сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы мен депутаттық қызметі туралы мақалалар жарияланып,  облыстық мәслихаттың жеке сайты мен фейсбук парақшасында қажетті барлық мәліметтер орналастырылған.

Өз кезегінде азаматтар да мемлекетті нығайту жолында белсенді және бастамашыл болуы тиіс. Тек, азаматтық қоғам мен мемлекеттің бірлігі ғана қоғамды алға жетелейді. Сондықтан Азаматтық қоғам құру идеясының негізі де осында. Бұл ретте, мемлекеттік саясат мәнін халық қалаулыларының  өз сайлаушыларына терең насихаттауы өз тиімділігін көрсетуде. Сайлаушылар тарапынан айтылған ұсыныс - пікірлер облыстық мәслихатта жинақталып, сессияның қарауына ұсынылып, оң шешімін тауып келеді.

Мәслихат жұмысында қалыптасқан жақсы үрдістердің бірі - депутаттардың  округтердегі халықтың  тұрмыс – тіршілігімен  жақынырақ танысуы нәтижесінде жергілікті жағдайды назарында ұстап, сайлаушылардың өтініш–тілектерін, ұсыныстарын қабылдап, оларды нақты іске асыру үшін депутаттық ықпал ету шараларын жүзеге асыруы болып табылады. Өйткені, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуға ұмтылған, өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруды көздеген еліміздің ең қымбат қазынасы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Сондықтан сайлаушылармен кездесулерде олардың тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен талап-тілектер тиісті атқарушы органдарға жолданады және оның орындалуы  облыстық мәслихаттың әр уақытта назарында.

Заман талабына белсенді түрде үн қосып, ел - жұртымыздың өсіп-өркендеуіне, халықтың тұрмыс-тіршілігінің, экономикалық әлеуетінің артуына елеулі үлес қосып келе жатқан облыстық мәслихаттың қызметіне аймақ жұртшылығы оң бағасын беруде.

Еліміздің Конституциясына және сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес Парламенттің жоғарғы палатасы – Сенатқа 47 депутат, яғни әрбір облыстан, Астана және Алматы қалаларынан екі-екі депутаттан сайланады. Сенат депутаттығына үміткерлерді сайлау құқығы әр аймақтың мәслихат депутаттарына берілген. Бұл өз кезегінде  мәслихат депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймай, олардың мемлекетті басқару ісіне араласуындағы рөлін де арттырады. 2013 жылы Қазақстан тарихында аудандық маңыздағы қалалардың, ауылдық округтердің, ауылдық округ құрамына  кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлау тұңғыш рет баламалы негізде өтті. Елбасымыз Н.Назарбаев «...Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамытудың» шарты деп бағалаған осы саяси бәсекелестік ортада 2018-2019 жылдар аралығында 68 әкім сайланды. Сайлау кезінде 68 әкімдік орынға 202 адам үміткер ретінде қатысты. Бұл-орта есеппен бір орынға 3 үміткерден келеді. Сайлау қорытындысымен 68  әкімдер сайлауында 31 әкім жаңадан сайланды. Аталған сайлау барысында аудандық, қалалық мәслихат  депутаттары өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсете білді.

Өзінің қалыптасқан 25 жылдық тарихында мүмкіндіктері мен біліктіліктері артқан мәслихат депутаттары қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен атқарушы билік арасындағы байланысты нығайтуға, халықтың әл - ауқатын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүргізуде өз белсенділіктерін танытып келеді. Облыстық мәслихаттың депутаттары мемлекеттік және аймақтағы өңірлік бағдарламалардың жергілікті жерлерде жүзеге асуын қадағалап, олардың оң шешім табуына ықпал етуде.

Жергілікті өкілді органдар – мәслихаттардың 25 жылдық мерейлі белесі - өткенге есеп беру, жинаған іс-тәжірбиелерді талдау, жаңаша зерделеу мен тиісті қорытындылар жасау ғана емес, алдағы мерзімге жоспар белгілеу, бағыт-бағдарды айқындап алу үшін де маңызды. Болашағын болжай білетін елдің ертеңі де жарқын болмақ. Қуатты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, бірінші кезекте, жоспарлау саясатымен, ұзақ  мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады. 

Мемлекет Басшысының биылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында алдымызға қойылған мақсат-міндеттерді іске асыруда да мәслихат депутаттарының жауапкершілігі жоғары  болатындығы айқын көрсетілген. Мақсат айқын болғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Ұлттың ертеңін ойлаған жұрт ешқашан жоғалмайды. Сондықтан да, Қазақстан өркениетті елдердің қатарында болуы үшін мақсат пен мүдденің ортақ болғаны абзал. Біз мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек арқылы алға ұмтыла білсек қана, «Қазақстан  - 2050» Стратегиясындағы «Мәңгілік ел» болу мұратына жете аламыз. Халық қалаулысы деген абыройлы мәртебеге лайықты болып, еліміздің өркендеуі жолындағы маңызды шешімдер қабылдайтын жұмыста жетер жетістігіміз  баянды болсын.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Елдігіміз ғұмырлы болсын!

 

Қызылорда облыстық мәслихатының 25 жылдығына орай «Жергілікті өкілді орган – мәслихаттардың өңір дамуындағы орны мен рөлі» тақырыбында өткізілген ғылыми-практикалық конференцияда тарих ғылымдарының кандидаты, академиялық доцент

Айтжан Жұмабайұлы Оразбақовтың

«Мәслихаттар мен Қоғамдық кеңестер өзін-өзі басқару жүйесінің негізі» туралы жасаған баяндамасы

2019 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасындағы түрлі деңгейдегі мәслихаттардың қызметінің негізгі тұғырнамасына айналған «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» заңының қабылданғанына 25 жыл толды. Мерейтойда тәуелсіз республикамыздың тарихындағы елеулі бір күнді атап өтумен қатар, өткенді таразыға салып, қорытындылап болашақ жұмыстың бағыттарын айқындау керек.

Өзінің бір сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі – Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының тұғырнамалық негіздерінің бірі» - деп атап өтті.

Шындығында, бүгінгі күні мәслихаттардың қоғам өміріндегі қызметін, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуындағы, қарапайым сөзбен айтсақ, күнделікті өмірдегі мәслихаттардың жұмысының маңызын ескерусіз қалдыруға болмайды. Қазақстан халқы сайлаған депутаттардың қызметі арқасында,  мәслихаттар қоғам дамуының  қозғаушы күшіне айналып, азаматтық қоғамның кемелденген кезеңге бағыт алған көрсеткішіне айналды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары заң жүзінде қолдау алған мәслихаттар, бүгінгі күні қоғам дамуы бағытында ұсынылған саяси және әлеуметтік шешімдерді таразыға салып, қабылдау я қабылдамау құқығына ие болған ірі күшке айналды.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыру арқасында жергілікті  жердің маңызды мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Осы арқылы жергілікті тұрғындардың белсенділігін арттырып, олардың болып жатқан өзгерістерге қатысы барын көрсетіп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі іс жүзінде іске асырылуда.

Өкінішке орай, барлық депутаттар белсенді деп айта алмаймыз. Депутаттардың белсенділігін арттыру тетігі табылса, мәслихаттар іс жүзінде жергілікті өзін-өзі басқару аппаратына айналар еді. Себебі заң жүзінде мәслихаттардың үлкен билігі бар.

- біріншіден, олар барлық жоспарларды, өңір дамуының экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті бекітеді;

- екіншіден, өңірдегі барлық құрылыс жоспарларының сызбаларын бекітеді;

- үшіншіден, соңғы кезде халық арасында көп қобалжу туғызып жүрген халыққа әлеуметтік қолдау көрсету тәртібін бекіту де мәслихаттар қолында;

- төртіншіден, елді мекендердің әкімдіктеріндегі қызметкерлер тізімі мәслихаттармен келісіледі және жергілікті полиция басшысы маслихатпен бекітіледі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатынын төрайымы Дариға Назарбаева, жергілікті билік- мемлекеттік басқарудың негізгі деңгейі, - деп өз ойын білдірді.

Я, қазіргі кезде мәслихаттар ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қалалардың бюджеттерін өздері жасақтауға құқылы. Бірақ еш нәрсе бір орында тұрған жоқ, ертеңгі күні мәслихаттар биліктің жаңа деңгейіне көтерілуі әбден мүмкін. Мұның бәрі мәслихаттардың белсенділігіне, депутаттардың іскерлігіне байланысты.

Үкімет те осыны мәслихаттардан күтіп отырғандай. Қазақстан билігі мәслихаттардың белсенділігін арттыру үшін, жұмысты  жергілікті өкілді мекемелердің кадрларын күшейтуден, олардың білім деңгейін көтеруден бастамақ. Қазақстан Парламентіндегі дискуссиялардың бірінде депутаттарды  Мемлекеттік басқару Академиясына оқуға жіберуге ұсыныстар айтылды. Ал Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік Комитетінің хатшысы, бір жағынан Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі төрағасы Тулеубек Мукашев мәслихат депутаттарына кандидаттарды іріктеуді түбегейлі өзгертуге ұсыныс жасады.

Мәслихат депутаттарының белсенділігінің төмен болуының өзіндік бір себебі бар. Қазіргі кезеңде қалыптасқан жүйе бойынша мәслихаттар атқарушы органның шешімін зандастырып отырған секілді. Мысалға айтатын болсақ, мәслихаттар жергілікті бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін әкімнің оң шешімі болмаса өзгерте алмайды. Тағы бір мысал, аудан мәслихаттары ауыл әкімін сайлауға құқығы бар, ал оны жұмыстан босату құқығы әкім қолында.

Екіншіден, атқарушы органдардың, әкімшіліктердің, министрліктердің жұмыстарын бағалаудың заңды түрде бекітілген жүйесі болса, мәслихаттардың жұмысының нәтижелі я нәтижесіз болғанын заңды түрде ешкім бағаламайды, бұл бағаны сайлаушылар береді, ал мәслихат өкілі халық алдында есеп береді делінген. Бірақ, шындығын айту керек, көп жағдайда сайлаушыларға «Сіздің округтен кім депутаттыққа  сайланды?» десек, нақты жауап алу қиын.

Осы орайда, мәслихат жұмыстарындағы болашақтағы оң бетбұрыстарды Қоғамдық сенімнің ұлттық кенесінің құрылуымен, жергілікті жерлердегі кеңестердің белсенділігімен байланыстырамыз. Бұл құрылымдар консультативтік-кеңесші, бақылаушы орган болса да, бұл органның берген ұсынысы заңмен белгіленген мерзімде қаралып, жауап берілу міндеттелген.

Қоғамдық кеңестер азаматтық қоғам өкілдерін ойландырып жүрген мәселелерді биліктің барлық денгейіндегі өкілдіктерге жеткізу үшін керек және олардың арасындағы өзара байланысты орнатып мемлекеттік мекемелердің қызметіне бақылау орнатуы керек. Қоғамдық кеңестер мемлекетіміздің заннамалық базасын, түрлі сала мен деңгейдегі мемлекеттік мекемелердің жұмыс істеу жүйесін жетілдіру мақсатында ұсыныстар береді. Қоғамдық кеңес мүшелері барлық мемлекеттік мекемелерге кіруге, олардың жұмыс топтарына мүше болуға құқығы бар.

Мәслихат депутаттары да, қоғамдық кеңес мүшелері де - халық қалаулылары, атқаратын қызметтері де- халықтың жағдайы мен тұрмысын жақсарту. Бірі осы орайда ұсыныс берсе, екіншісі осы ұсынысты қарап, шешім қабылдайды. Я,қоғамдық кеңеске қарағанда маслихаттардың рөлі де, билік тетіктері де көп, дегенмен қоғамдық кеңесте айтқанын істететіндей тетіктер бар, себебі, қоғамдық кеңестер нормативтік-құқықтық акті я заң дайындауға ұсыныс бере алады, өңір бюджеті де қоғамдық кенесте қаралмай қабылданбайды. Қоғамдық кеңестер шын мәнінде атына заты сай болу үшін оның құрамында отанымызға жаны ашитын, принципшіл, өз ойы мен көзқарасын мүдірместен айтатын  азаматтар болу керек. Мәслихаттар мен Қоғамдық кеңестер осындай білімді, жан-жақты тұлғалардан тұрса, Мәслихаттар мен Қоғамдық кеңестер тандемі, Қазақстанның жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін әлемдік биіктерге көтерер еді. Бұның заңдылық жағы,  Қазақстан Республикасы Конституциясының 89 бабында қарастырылып қойылған. Онда  «Жергілікті өзін-өзі басқаруды тұрғын халық тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол мәслихаттар және халық топтары жинақы тұратын аумақтарды қамтитын жергілікті қоғамдастықтардағы басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылады» - делінген және бұл жұмыс ойдағыдай атқарылатын болса бұл құрылымдарға биліктің жана тетіктері  берілуі алдын-ала қарастырылып, былай делінген «Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру заңға сәйкес берілуі мүмкін».

Дата публикации
07 сентября 2022
Дата обновления
07 сентября 2022
Тип

Сейчас читают

28 апреля 2025
Қоғамдық кеңес
28 апреля 2025
Қоғамдық кеңес құрамы
28 апреля 2025
Қоғамдық кеңес төралқасының құрамы

Социальные медиа

Youtube
Facebook

Меню подвал

Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы