ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

2025 жылдың 31 наурыз күні аудандық Қоғамдық кеңестің жаңа құрамымен алғашқы отырыс өткізілді. Кеңес отырысын қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының басшысы Б.Анесов ашты.

Отырысқа кеңес мүшелерімен қатар аудандық мәслихат төрағасы Г.Калиева, аудан әкімі А.Жангалиев, аудан әкімінің орынбасары А.Муратов, дербес бөлім басшылары мен бұқаралық ақпарат құралының өкілі қатысты.

Ең алдымен аудан әкімі А.Жангалиев өкілеттілігі тоқтаған қоғамдық кеңестің төрағасы Жаудин Талғат Хамитұлына алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.

Жұмыс тобының жетекшісі айтқандай, «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасы Заңына және Қоғамдық кеңестер туралы үлгілік ережеге сәйкес аудандық Қоғамдық кеңесті қалыптастыру және бекіту бойынша қажетті іс-шараларды өткізді. Жұмыс тобы ұсынылған 18 кандидатурадан ашық дауыс беру қорытындысы негізінде Қоғамдық кеңестің 9 мүшесін тандады. 

Қоғамдық Кеңес мүшелерін сайлау қорытындысымен таныстырған жұмыс тобының басшысы Б.Анесов Қоғамдық кеңестің жаңа құрамының жұмысына сәттілік тілеп, кеңес мүшелеріне куәліктер табыстау үшін мәслихат төрағасы Г.Калиеваға сөз берді.

Аудандық мәслихат төрағасы Қоғамдық кеңес жұмысының маңыздылығын атап өтіп, жаңа құрамның жұмысына сәттілік тілей отырып, кеңес мүшелеріне куәліктер табыстады.

Бұдан кейін, кеңес мүшесі Т.Дарелов Қоғамдық кеңес төрағалығына Султанов Сабыржан Кыдырсихұлының кандидатурасын ұсынып, қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.  

Мәслихат төрағасы Г.Калиева қоғамдық кеңестің жаңа төрағасына және кеңес мүшелеріне сәттілік тілеп, кеңестің халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.

Жаңадан сайланған Қоғамдық кеңес төрағасы С.Султановтың төрағалығымен төмендегі мәселелер қаралды:

  • Құрманғазы ауданының Қоғамдық кеңесі туралы ережені бекіту;
  • Қоғамдық кеңестің комиссияларын құрып, олардың төрағалары мен мүшелерін сайлау;
  • Қоғамдық кеңестің төралқасын сайлау;
  • Қоғамдық кеңесінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылау.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының әзірлеген ереже жобасы қарауға ұсынылып, ұсынылған ереже кеңес мүшелерімен бірауыздан бекітілді.

Екінші мәселеге байланысты аудандық қоғамдық кеңес жанындағы 3 комиссияны құру ұсынылды.

1) «Экономика, бюджет, салық саясаты және кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық, инфрақұрылым, туризм» жөніндегі комиссия төрағалығына Кенжебаев Бержан Ахонович кандидатурасы ұсынылды.

2) «Әлеуметтік сала, жастар саясаты» жөніндегі комиссия төрағалығына Дарелов Танатар кандидатурасы ұсынылды.

3) «Құқықтық мәселелер, заңдылықты сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, кәмелет жасқа толмағандар ісі» жөніндегі комиссия төрағалығына Сапарова Улмекен Кибатуллаевна кандидатурасы ұсынылды.

Кеңес мүшелері комитет төрағалығы мен комиссия мүшелігіне ұсынылған үш кандидатураларға бірауыздан келісімдерін берді.

Үшінші мәселеге байланысты Қоғамдық кеңестің қызметіне басшылықты жедел жүзеге асыру үшін Қоғамдық кеңес төралқасы құрылды. «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңының 11-бабының 2-тармағында «Төралқаның құрамына Қоғамдық кеңестің төрағасы, мемлекеттік органның өкілі, Қоғамдық кеңес комиссияларының төрағалары, жекелеген мүшелері кіреді» - делінген. Аталған Заңның талаптарына сәйкес, Қоғамдық кеңес төралқасының құрамы С.Султанов, Т.Дарелов, Б.Кенжебаев, У.Сапарова, А.Зинулаев болып бекітілді.  

Төртінші мәселеге байланысты Құрманғазы ауданының Қоғамдық кеңесінің 2025 жылдың арналған жұмыс жоспарымен кеңес мүшелерімен талқыланып, ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып, келесі отырыста өзгерістер енгізетіндігі туралы айтылды.

Қоғамдық кеңес жұмысын кеңес төрағасы С.Султанов қорытындылады.