Ел тәуелсіздігімен қатар келген жергілікті өкілді орган.

Ел тәуелсіздігімен қатар келген жергілікті өкілді орган.

Биыл елімізде жергілікті өкілді орган – Мәслихаттардың құрылғанына              30 жыл толғалы отыр. Тарих беттеріне көз жүгіртсек 1991 жылғы                                16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның Мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Ал 1993 жылы қабылданған Конституция шеңберінде жергілікті өкілді және атқарушы органдарының атқаратын функциялары мен міндеттері айқындалды. Сол жылы Алматы қаласының Алатау аудандық халық депутаттарының Кеңесі, оның төрағасы Ахан Бижанов өздерінің сессиясында республикадағы барлық деңгейдегі Кеңестерді тарату туралы Үндеу қабылдап, жылдың аяғында Жоғары Кеңесті тарату туралы заң шығарылды. Осы жылдың 10 желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы» заңы қабылданып, соның негізінде жергілікті мәслихаттар институты өмірге келді.

Яғни, өкілді орган (мәслихат-депутаттар жиналысы) халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Конституция мен жоғарыда айтылған заңның талаптарын іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы өзіне тиісті құқықтар жүктелген орган болды.

Әлі есімде бірінші шақырылымда 18 депутат сайланып, Құрманғазы аудандық Мәслихат-депутаттар жиналысы 1994 жылдың 23 наурызында жұмысын бастады. Алғашқы сессияда депутаттар маған сенім білдіріп, өкілді органды басқару үшін мәслихат хатшысы етіп сайлады. Ол кезде депутаттардың атқарар жұмысы мен халықтың аманатын арқалаған жүгі өте ауыр болатын. Себебі жаңадан тәуелсіздік алған мемлекетіміздің жан-жақтағы байланыстары үзіліп, зейнетақылар мен қызметкерлерге еңбекақысын төлеуге қаражат таба алмай қиналған кезі, оған қоса, дүкен сөрелері босап, тұрмыстық заттар мен азық-түлікке тапшылық болған ең қиын күрделі кез еді. Осындай қиын заманда халықты бірлікке, түсіністікке шақырып, ел тұтастығын сақтауға, шиеленіскен жағдайларды заң талаптарына сәйкес және ақылмен, сабырмен шешуде мәслихат депутаттары көптеген жұмыстарды атқарушы билікпен біріге отырып атқара алды деп айта аламын. Бірінші шақырылған шақырылымда депутаттардың ішінде өздерінің белсенділігімен көзге түскен, халықпен, ұжым мүшелерімен жұмыс жасай алатын тәжірибелі, шын мәнінде халық қалаулысы деген атаққа лайықты Харес Биляшев, Ерсайын Досмұхамбетов, Александр Митрофанович Ухов, Зинелғайын Хисин, Ұзақбай Жәдіғұлов, Елемес Абдошев, Нурибек Сабиров, Әлімжан Жармұхамбетов, Злиха Дүйсекенова, Жұмақай Ғұмаров және басқа да танымал тұлғалар болды. Маған осы әріптестерімнің көмегі көп болды, әрі халық сенімінен шығуда осы танымал азаматтармен бірге жұмыс жасау бақыты бұйырды. Сонымен қатар жиі облысқа жиналып өкілді органның алдында тұрған міндетті атқаруда бір-бірімізбен ақылдасып, пікірлесіп отырған әріптестерім облыстық мәслихаттың тұңғыш хатшысы Қатимолла Ризуанов, Атырау қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Рахметұлы Меңдалиев, Исатай аудандық мәслихат хатшысы Жұмажан Қадимов, Индер аудандық мәслихатының хатшысы Қараман Досанов, Қызылқоға аудандық мәслихатының хатшысы Аманқос Сабыров, Мақат аудандық мәслихатының хатшысы Орақ Дөңгелбаев, Жылой аудандық мәслихатының хатшысы Қайырғали Ермеков, Махамбет аудандық мәслихатының хатшысы Сағындық Сатаев жолдастарымен бірге өкілді органның жұмысын жүзеге асыруда жұмыстас болдым. Себебі жергілікті мемлекеттік басқару заңында мәслихат жоғарғы органдармен ведомстволық бағыныштылығы жоқ дербес орган болып табылады. Сондықтан да әріптестеріміз өкілді орган жұмысын жүргізуде жиі пікірлесіп, тәжірибе алмасып отырдық. I шақырылған мәслихаттардың хатшылары үшін сол кезең үлкен сынақ алаңы болды. Ондай қиын кезең II шақырылым кезі де болатын. Ол кезде мен аудан әкімі бөлімінің меңгерушісі болғандықтан білемін. Сол кезде де депутаттардың өз сайлаушыларының «мұңын мұңдап, жоғын жоқтап» айтқан өткір ұсыныстары, ащы да болса көбінде шындыққа жанасып жатқанын, елдің мұң-мұқтажы екенін атқарушы билікте жақсы түсініп, депутаттар сауалдарын жүзеге асыруда жұмыстана алды. II шақырылымда өкілді органды Кенжебаев Бержан, кейіннен Қажетов Жасталап басқарған болатын.

        Алға қарай да мен аудандық өкілді органның III-IV-V-VI шақырылымдардың депутаты болып сайланып, депутаттардың сенім артуымен III-IV-V шақырылымында өкілді органға басшылық жасауға тура келді. Ал VI шақырылымда III-IV-Vшақырылымдарында депутат болып, өкілді органның тұрақты комиссиясына басшылық жасап тәжірибе жинақтаған Жүгінісов Болат Теміржанұлының кандидатурасын қолдап, өкілді органды басқаруға сенім білдірдік.

      Үшінші шақырылған өкілді орган ауданның бюджеті өсіп, ауданға субсидияларды молынан тартылып өңірдің даму динамикасы өте шапшаң, экономикалық, әлеуметтік, саяси реформалардың жүзеге асу кезеңі болды. Әртүрлі бағдарламаларды беркітіп бағдарламаларда енбей қалған мәселелерді депутаттар өз сауалдарын қою арқылы халық игілігі үшін бірқатар жұмыстарды жүзеге асыруға атсалысты. Осындай жұмыстар төртінші-бесінші шақырылымда да жалғасын тапты. Үкіметіміздің алған шараларын, жергілікті атқарушы және өкілді органдарға берілген тапсырмалардың жүзеге асырылуы себепті дүние жүзін шарлаған қаржылық дағдарыс кезінде тұйықтан жол табылып, халықтың әл-ауқаты төмендемей, елдің халқы дағдарысты аса сезінген жоқ. Сол жылдарды ел үшін аудандық мәслихаттың 839 шешімі шығып, депутаттардың 38 сауалы бойынша да қосымша шешімдер алынып тиісті жұмыстар атқарылды. Депутаттарымыз Орынбек Хамитов, Римма Габдушева, Шайхотолла Жалелов, Жұмажан Шакупов, Қазихан Мұхамбетқалиев, Болат Абдолов, Байтолла Газизов, Бауыржан Бекжанов, Хамит Қабылов, Сатқан Қалиев, Мансур Қуанышалиев, Линда Умирзахова, Анар Хашуова, Ильяс Нугманов, Бержан Кенжебаев, Салауат Мырзағалиев, Болат Жүгінісов Нұрлан Хұсайынов, Теңел Исмагулов, Амангелді Рахмеденов, Аманжол Габбасов және тағы басқалары. Өз белсенділіктерін көрсетіп, халық сенімін ақтауда абыройлы еңбек етті деп атауға болады. Олардың көпшілігі аудан көлеміндегі депутаттық қызметтерімен қоса, мәдени-көпшілік қайырымдылық шараларға өз көмектерін көрсетіп, ауданның қоғамдық өміріне де араласып келді.

          Қазір өткенге ой жүгіртсек, сол кездердегі аудан халқының арман еткен көкейтесті әлеуметтік мәселелерінің шешілгені көңілімізге қуаныш ұялатады.

      «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда бой көтерген үш қатарлы аудандық емхана, кейінгі аурухана ғимараты, Асан, Ұштаған, Сафон, Кудряшов ауылдарында тұрғызылған жаңа үлгідегі орта мектептер, Ганюшкин орталығындағы (қазіргі Құрманғазы ауылы) мәдениет үйі, әр елдерде салынған балабақшалар мен спорттық комплекстер «таза ауыз су», кейін «Ақбұлақ» бағдарламасымен жүргізілген елді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары,барлық елді газ желісімен қамту, елді мекендерге тас жолдардың төселуі, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы мен жасалған жұмыстар, білім және денсаулық салаларына келген материалдық техникалық базалар тағы басқа зор бағдарлы жұмыстар сан-салалы игі істер жүзеге асты, бүгінде халық игілігін көруде.

             Осының бәрі кезінде « болашаққа сеніммен қарайық, бәрі жақсарады, төзімділік білдірейік, ортақ іске еңбек жасайық»- деген арман тілектеріміздің, сол мақсатта еңбектенгендігіміздің жемісі, Тәуелсіздігіміздің жарқын жемісі емеспе?

             Осы игі істерде өкілді органмен ынтымақ пен бірлік істерін көрсете білген елді басқарған әкімдердің Сапуанов Б. Б, Бисенов А.Б, Құрманбаев Б.А, Мұфтах А.З, Сисатов Р.Ғ, Нәутиев Ә.И, Аманғалиев С.Қ, Такешов А.А, Арыстанов С.Қ, Барахатов А.К. тағы басқаларының, атқарушы биліктің командаларының ерен еңбектерін құрмет тұтып, олармен бірге жұмыстас болғанымды мақтанышпен еске аламын.

         Кейінгі жылдары өкілді орган аппаратына штаттар беріліп,өкілді органға көптеген құзіреттер заңмен беріліп келеді, құзіреттері кеңеюде. Алғашқы кезде екі бас маманмен қызмет жасасақ, қазір 2005 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлік штат бірліктері берілді.

         Аппарат жұмысын жетілдіріп, депутаттар жұмысын тиімді ұйымдастыруда жауапкершілікті жұмыстарын көрсеткен Руза Серікбаеваға, Орақбай Мұратовқа, Ғалымжан Мырзағалиевке, Ғайни Каринаға, Армангүл Анесоваға, Нұргүл Альбетоваға, Зухра Иманкуловаға, Ботагөз Абдоловаға, Ақмарал Исмаховаларға және басқаларына ризашылығымды білдіремін. Өкілді органның әр шешімімен, қаулылары заң талаптарына сай шығуына маған көмекші бола білді. Әрине субвенциялы ауданға облыстан қомақты қаражаттың бөлінуіне, түйткілді шешілмей келген мәселелерге жоғарғы органдардан көмек болуына ықпал жасаған облыстық депутаттарымызбен жұмыстас болғанымды да мақтан тұтамын. Олар Өмірзақ Қажымғалиев, Бисенов Әбдібек, Бауыржан Нұрғалиев, Таңатар Дәрелов, Аманжан Такешов, Султанов Сабыржан, Әлия Беккожиева, Қаршегенов Оразғали, Карсакова Зәмзәгүл және тағы басқалары. Елдің дамуына Жоғарғы органдардан ықпал жасап, жергілікті жердегі проблемалық мәселелердің шешілуіне, қажетті кезде заңдарға өзгерістер жасауда көмекші болған Парламент депутаттары Ищанов Қайратпен, Ирак Елекеевпен және Еңсегенов Сарсенбаймен әріптестік қарым-қатынаста болғаныма өзімді бақытты санаймын. Әсіресе елім деп жанұшыра жоғары орган басшыларын жергілікті жерге алып келуіне көмекші болған, бірқатар түйткілді мәселелеріміздің шешілуіне себепші болған Сәрсенбай ініміздің атқарған қызметін елдің халқы ұмытпақ емес. Өкілді орган халыққа игілікті істерін алға қарай да атқарылатынына сенімдімін.

VI-VII шақырылымдарда  да өкілді органды алған тәжірибесін пайдалана біліп Жүгінісов Болат әріптесіміз де абыройлы басқарып келді. 

         Бүгінде VIII шақырылған аудандық мәслихатты басқарып отырған Калиева Гульжаннатқа, оның әріптестері, депутаттарымызға өз сайлаушыларының сенімінен шығуға, иглікті істеріне сәттілік тілеймін.

Ауданымыздың І-VII шақырылымдарда қызмет жасаған әріптестерімді, қазіргі аудан депутаттарын, облыстық депутаттарымызды, аппарат қызметкерлерін Қазақстан Республикасының мәслихаттарына 30 жыл толу мерекесімен құттықтаймын. Отбастарына құт-береке, жақсылық, амандық тілеймін.

 

 

Султанияев Рифхат Мұғалімұлы-

ҚР мәслихаттарының Құрметті депутаты,

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы.