
✔️Президентке денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйі мен саланы дамыту перспективасы жөнінде есеп берілді. Ақмарал Әлназарова: ➤ негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер туралы баяндады. ✔️Жалпы және нәрестелер өлімі 15,3 пайызға төмендеді. ✔️Қазақстанда жұқпалы емес аурулардан мерзімінен бұрын қайтыс болғандар саны 25 пайызға азайды. Осылайша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мақсатты көрсеткішіне қол жеткізілді. ➤ медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, алғашқы медициналық жәрдемді жетілдіру, скрининг бағдарламаларының аясын кеңейту және ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін жаңғырту жөнінде мәлімдеді. ✔️Онкологиялық қызметті дамыту шаралары жалғасып келеді. ✔️Астана қаласындағы жаңа онкологиялық кешеннің базасында Протонды терапия орталығы ашылды. ✔️Қызылорда және Ақтау қалаларында 2 жаңа ПЭТ/КТ кешені іске қосылды. ✔️Барлық өңірде сарапшылық эндоскопия орталықтарының жұмысы жолға қойылды. ✔️Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен аймақтардағы бірқатар нысан құрылысы аяқталды. ➤ МӘМС жүйесіндегі қаржыны бақылауды күшейту, соның ішінде қаражатты мақсатты жұмсауды мониторингтеу жүйесін автоматтандыру және медициналық қызмет көрсетушілерге талапты қатаңдату шараларына баса назар аударды. ✔️Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. ✔️Жеке-жеке қызмет көрсететін ақпарат жүйелерін E-Densaulyq платформасына біріктіру қолға алынған. ➤ соңғы екі жылда фармацевтика өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 2,3 есе, ал дәрі-дәрмектің экспорты 1,9 есе өскенін баяндады. ✔️Дәрі-дәрмектің 400-ден астам түрін өндіру бойынша 6 инвестициялық келісім жасалды. Олардың жалпы құны 316,3 миллиард теңгеге бағаланған. ➤ саланың кадрлық әлеуетін дамыту, медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету жөнінде ақпарат ұсынды. Президент: 📌медициналық қызмет сапасын арттыру, саладағы қаржылық тәртіпті қатаңдату, маман даярлау жүйесін жетілдіру, цифрлық жаңғырту жұмыстарын жеделдету және отандық фармацевтика өнеркәсібін өркендету бойынша бірқатар тапсырма берді.