Мәслихат депутаттары «Viamedis Қосшы» ЖШС емханасымен танысты

Мәслихат депутаттары «Viamedis Қосшы» ЖШС емханасымен танысты
Бүгін мәслихат төрағасы Әлихан Қуатбеков, қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері қаламыздағы құрылысы аяқталуға жақын қалған «Viamedis Қосшы» ЖШС емханасымен танысты.
 
Тәулігіне 1000 адамға дейін қабылдай алатын қуатқа ие медициналық нысан барша заманауи талаптарға сай. Ашылуы 2026 жылдың қаңтар айының ортасына жоспарланып отырған мекемеде қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсету үшін қажетті мүмкіндіктің барлығы бар. Қазіргі уақытта қажетті дәрігер мамандар іріктелуде. Әр бөлімге тиесілі кабинеттер жасақталып, медициналық құрылғылар мен керекті құрал-жабдықтар орнатылған.
 
Сонымен қатар медициналық кешеннің құрамында 350 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы да жалғасуда. Стационарды пайдалануға беру 2026 жылдың үшінші тоқсанының басына жоспарланған.
Медициналық мекеме толықтай жұмысын бастаған кезде онкология, хирургия, травматология, терапия және босандыру ісі сияқты негізгі бағыттар бойынша шұғыл және жоспарлы стационарлық медициналық көмек көрсететін болады.