
Қосшы қаласында тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. 2022 жылдан бастап «Қосшы қаласында сумен жабдықтау желілерінің құрылысы, 4-кезек» жобасы бойынша ауқымды құрылыс жұмыстары басталған болатын.
Жобаның мердігері – «Мелиоратор» ЖШС. Қазіргі уақытта қала бойынша бірнеше маңызды жұмыс түрлері орындалуда. Атап айтқанда:
су құбырларын төсеу;
магистральді трассаларды қысымға сынау (опрессовка);
көшелерді қосу (врезка);
үйлер мен абоненттерге су желілерін тарту.
Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталып, бүгінде жоба 95 пайызға орындалған. Мамандардың айтуынша, қалған жұмыстарды аяқтау қарқыны жоғары.
Жоба толық аяқталып, су жүйесі іске қосу ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін жоспарланып отыр. Бұл қала тұрғындары үшін маңызды жаңалық, себебі жаңа желілердің іске қосылуы Қосшыдағы сумен жабдықтау сапасын айтарлықтай жақсартады.
Қала әкімдігі құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Тұрғындар үшін таза әрі үздіксіз су — тұрмыс сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сол себепті бұл жоба қала инфрақұрылымын жақсартудағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.