
Президент білім және ғылымды ешқандай шекара талғамайтын, барлық елге ортақ стратегиялық маңызы айрықша сала ретінде атап, бүгінгі форум соның айқын дәлелі екеніне назар аударды.
– Бұл – шын мәнінде өте маңызды жиын, жаһандық білім мен ғылымның дамуы туралы аса құнды ой-пікірлер айтылатын, болжамдар жасалатын бірегей алаң. Осыған орай кешеден бері әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының басшылары және өкілдері Астанада бас қосып, пікір алмасып жатыр. Халықаралық деңгейдегі ғалымдар мен сарапшылар елордамызда маңызды мәселелерді талқылауда. Бүгін де академиялық білім әлеміндегі беделді жоғары оқу орындарының жетекшілері терең мағыналы ойларын ортаға салды. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.