ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет. Санаққа дайындық жұмыстары 1,5 жыл бұрын басталған. Үкімет деңгейінде арнайы комиссия құрылды. Негізгі санақ кезеңдері басталғанға дейін 1-30 маусым аралығында еліміздің 70 қаласында жеке қосалқы шаруашылықтарын алдын ала аралау жүргізіледі. Санақ қызметкерлері сауалнамадан өтуге жататын үй шаруашылықтарының тізімдерін нақтылайды.
«Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығын қамтиды. Ішінде ол онлайн және офлайн кезеңдерге бөлінеді. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары – барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтыра алады», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Ауыл шаруашылығы санағына заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар және/немесе ауыл шаруашылығы жануарлары бар үй шаруашылықтары, оның ішінде, мал шаруашылығымен, өсімдік шаруашылығымен және балық шаруашылығымен айналысатын шаруа немесе фермерлік қожалықтар қатысады.