
Аудандық мәслихаттың білім беру және спорт, денсаулық сақтау, мәдениет және тілдерді дамыту, жастар ұйымдарымен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 2025 жылғы 1 тоқсанға арналған жұмыс жоспарына сәйкес "Аудан аумағындағы мемлекеттік мектептер мен балабақшалардың ыстық тамақпен қамтамасыз ету" мәселені қарау бойынша отырыс өтті.
Отырыс алдында комиссия мүшелері Қордай ауданы әкімдігінің білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептерде болды. Нәтижесінде көптеген кемшіліктер табылды.
Атап айтсақ №2 М.Ломоносов атындағы мектептің асханасының жағдайы өте нашар. Ас үй сорғыштарының жұмыс істемеуінен немесе көлемі асхананың белгіленген шаршы метрге сәйкес келмегендіктен, асхананың қабырғалары, төбесі көгеріп кеткен.
Барлық мекетептердің ас мәзірі бекітілмеген, жаңартылмаған. Жалпы асхана қызметкерлерінің тазалығы дұрыс сақталмаған десек те болады, электрлік плиталар, тоңазытқыштар мен ыдыстардың, қоймадағы құрғақ, шикі және сүт өнімдерді, басқа да азық – түліктердің сақталуы санитариялық талаптарға сәйкес емес. Көкөністер мен жемістердің сақталуы дұрыс емес, шіріп,солып, жарамсыз болып жатыр. Тамақтардың сақталуы санитариялық талаптарға сәйкес емес.Тоңазытқыштарында өнімдердің тауарлық көршілестігі сақталмаған. Шикізат өнімдері мен дайын өнімдер араласып сақталуда.
Мектептерде асхана қызметіне арналған журналдар, аспазшыны күнделікті жұмысқа жіберу журналдары, асхананың санитарлық жағдайын тексеру журналдары тексерілді. Астың сапасын бағалайтын бракераж журналдары көпшілігінде жоқ немесе толтырылмаған болып шықты.
Келесі мәселе ай сайын есептелген электрэнергиясына кеткен шығындарды да мердігерлер төлеп отырады деп мәліметте көрсетілген, бірақ та электрэнергиясын есептегіш құралы бір болғандықтан, бір айда кеткен шығындарды қалай есептеп шығаратыны бізге түсініксіз болды.
Отырыста Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Қордай аудандық білім бөлімінің әдіскері Салтанат Тілеубердиеваның ақпараты тыңдалды, депутат Мақсат Сарманов жарыссөзде сөз сөйледі.
Мәселені жан-жақты талқылағаннан кейін комиссия тиісті қаулы қабылдап, бақылауға алды.