
28 наурызда аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті, оны Қордай аудандық мәслихатының төрағасы Нурдин Есенгелдиевич Садыков өткізді, оның жұмысына депутаттардан басқа аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі қатысты.
Депутаттар «Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорыны» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынының атқарылған жұмыстары туралы» жоспарланған мәселені қарастырып, баяндаманы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Қуаныш Байжігітов ұсынды.
Бұдан әрі депутаттар өз орындарынан сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, мәселені зерделеу барысында аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 7 қыркүйектегі «Аудан мектептеріндегі жылу жүйелерінің жай-күйі және оларды қысқа дайындау туралы» №9-3 шешімінде көрсетілген ұсыныстар орындалмағаны анықталды. Сонымен қатар, жылу жүйелері мектептердің теңгерімінде, ал қазандықтар комхоздың теңгерімінде болғанына байланысы мектеп қызметкерлері маман болмағандықтан, кейде үй – жайларға жылу беруді реттей алмайды, сондықтан ауа кептелісі пайда болған кезде барлық сыныптарда немесе барлық қабаттарда бірдей температура болмайды. Отар бағытына жататын барлық мектептерде (№34, №38, №39, №40, №41, №42, №42, №43, №49) қысыммен жылыту жүйесін сынау жүргізілген жоқ. Сондай-ақ клапандарды тексеру, қозғалтқыштар мен сорғылардың мойынтіректерін майлау және тексеру, тығыздағыштарды ауыстыру және майлау, газ бен су есептегіштерін тексеру жұмыстары жүргізілмеген. Бірнеше мектептерде қазандықтарды бояу, әктеу және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Көмірмен жылытылатын қазандықтардың жанындағы барлық мектептерде өткен жылыту маусымынан кейін өздігінен пайда болған үлкен күл үйінділері бар. Қазандықтардың аумағы абаттандырылмаған, шөп шабылмаған немесе тазаланбаған, қоқыс шашылған. Кейбір жерлерде сапасыз көмір қолданылады, бұл жылыту тиімділігін төмендетеді және қосымша шығындарға әкеледі.
№42 Кенен ауылының Қашағанов атындағы орта мектептің қазандығының айналасы қоқыстармен шашылған. Мектеп суық, оқушылар жаурайды. Себебі: уақытылы жақпайды. Мектепті сағат 04:00 ден бастап жағу керек (генераторлары істемейді). Жарық сөнген жағдайда Қордайдан бригада шақырту қажет, ол уақытты алады. Бұдан басқа, құбырларынан су сорғалап ағып тұр.
№41 Отар ауылының Әзербаева атындағы орта мектебінің қазандығында сорғыштары (вытяжки) жоқ.
№43 Гвардейский қалашығындағы Момышұлы атындағы орта мектебі бүгінгі күнге дизельмен жылытылады. Мектепті жылыту үшін айына шамамен 19 млн 500 мың теңге қаражатты құрайды. Жылыту маусымына жылына 117 млн теңге қаражат жұмсалады. Алайда, 5 жылдық жылыту маусымның қаражаты 1 мектептің құнына тең болып есептеледі, яғни тиімсіз пайдалануда.
Сондай-ақ, бүгінгі табиғи газдық типтік модульдік қазандықтың бағасы шамамен 45 млн теңге тұрады, бұл дегеніміз 5 жылда 10 ға жуық мекетепті газбен қамтуға болады. Яғни жылына 2 мектеп.
№44 Көктөбе ауылының негізгі мектебінің қазандығы іші лас, сорғыштары (вытяжки) жоқ, ішінің бәрі түтін. Қазандықтың алдындағы күл үйіндісі 3 жылдан аса тазаланбаған. Генератордың ішіндегі акумуляторы жанып кеткен істейтіні белгісіз.
Бұдан басқа, бірнеше мектептерде типтік генератор жұмыс істемейді, істеген генараторлардың ішінде акумулаяторлары жоқ болғаны анықталды.
Автомобиль жолдарына келсек: Отар-Үлкен Сұлутор-Көктөбе 16 шқ аудандық маңызы бар автомобиль жолына 2024 жылы орташа жөндеу жұмыстарына қаражат бөлініп жұмыстар басталған болатын. Тапсырыс беруші: Қордай ауданы әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі (ЖКХ), мердігер: Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорыны (КАМХОЗ). Сметалық құны 554 млн, келісім шарт құны 537 млн теңге. Бүгінгі күнге, 16 шқ жолдан 10 шқ жол төселген. Төселген жолдың сапасы мәз емес. Жаңа асфальт төселінгенімен қолданысқа берілмей жатып ойықтар мен шұңқырлар пайда болған және қалыңдығы нормативке сай емес екендігін көрсетеді. Яғни мердігер және техникалық қадағалаушы тарапынан тиісті деңгейде жұмыстар жүргізілмегені анықталды.
2024 жылы Қордай ауданы бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда, жөнделген жолдарда жаңа шұңқырлар пайда болған жерлер бар. Бұл әсіресе «Өтеген-Бәйтерек» автомобиль жолында кездеседі.
Сондай-ақ, қыс мезігілінде автомобиль жолдарын күтіп-ұстау барысында аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына уақытылы инертті материалдар (құм, тұз) себілмейді. Мысалы келетін болсақ: Өтеген-Байтерек аудандық маңызы бар автомобиль жолына 2024 жылдың 25 желтоқсанда жауған қарды уақытылы инертті материалдар себілмеген. Бұл жол қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді.
Барлық мектептер газдандырылған, тек №33 мектеп қатты отынмен жылытылады. Қазандықтардың жағдайы жақсы, іші таза, жылы, №24 орта мектептің қазандықтың жағдайы мәз емес. Қазандықтың шатырынан жаңбыр, қар өтіп, зақымданған төбесінен де су ағып, соның салдарынан төбесі ылғалданып, сарғайып, жарылған. Қабырғалары да құлап, сыланбаған, әктелмеген. Оны қалпына келтіру бойынша ешқандай жұмыстары жүргізілмеген.
Барлық мектептерінде (№23, №24, №26, №27, №28, №29, №30, №31), генераторлары іске қосылмаған, қосылған жағдайда да ішінде аккумуляторлары жоқ, Сарыбулақ ауылындағы №31 мектептің, Бетқайнар ауылындағы №27 мектептің тоқ беретін генераторлары мүлдем қосылмаған, сыртта қойманың ішінде жатыр. Газ өшіп қалған жағдайда, баламалы дизельді (альтернативті) қосылатын жылыту қазандықтардың дайындығы жоқ. Қомақты қаражатқа сатып алынған генераторлар шаң басып, далада жатыр. Бұл аймақтарда жиі қатты жел соғып, жарық өшіп тұрады. Кенеттен төтенше жағдай болып қалған жағдайда, дайындық мүлдем жоқ деп санауға болады.
Мектептерге дейінгі қазандықтардан шығатын жылу трассалары әлі де Комхоздың балансына берілген жоқ. Алайда, кейбір төтенше жағдайлар орын алуда, атап айтқанда, жылу трассаларының жарылуы немесе басқа да ақаулар пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда мектеп өз күшімен бұл мәселені шешуге қауқарсыз, себебі бұл инженерлік желілерді жөндеу мен апатты жағдайларды жою арнайы мамандандырылған қызметтерді талап етеді.
Осыған байланысты, мектеп әкімшілігі жылу трассаларында ақау пайда болған жағдайда дереу Комхозға жүгінуге мәжбүр. Бұл мәселенің уақтылы шешілмеуі білім беру мекемелерінде жылумен қамту үзілістеріне, оқушылар мен мұғалімдердің денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Осы проблеманы шешу үшін жылу трассаларын Комхоздың балансына беруді жеделдету қажет.
Жібек Жолы көшесіндегі көппәтерлі 5 қабатты тұрғын үйге қызмет көрсететін қазандыққа қатысты. Қазандық аумағы қоршаумен жабылғанына қарамастан, оның айналасы тұрмыстық қалдықтармен, полиэтилен пакеттерімен, пластикалық бөтелкелермен қатты ластанған. Тіпті, пластикалық бөтелкелердің кейбірі қазандықтың үстіне қойылған. Бұл тек санитарлық талаптарға сай келмеу ғана емес, сонымен қатар өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу болып табылады. Мұндай жағдай қазандықтың қалыпты жұмысын бұзып, кез келген сәтте төтенше жағдайдың туындауына себеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар, қазандықтың жалпы көрінісі ұқыпсыз, бейберекет жағдайда екені анықталды. Қазандық айналасындағы тазалықтың сақталмауы оның техникалық жағдайына кері әсерін тигізіп қана қоймай, жалпы эстетикалық көріністі нашарлатады. Осыған байланысты, қазандық аумағында шұғыл тазалау жұмыстарын жүргізіп, санитарлық және техникалық талаптардың толық сақталуын қамтамасыз ету қажет.
Мәселені жан-жақты талқылап, депутаттар тиісті шешім қабылдап, бақылауға алды.