
Үстіміздегі жылдың 26 сәуірінде Қордай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі Қордай ауданында бірқатар маңызды салалар бойынша азаматтарды жеке қабылдау мен қоғамдық тыңдау өткізді.
Іс-шараға облыстық Қоғамдық кеңестің мониторингтік топ мүшелері, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау және қоғамдық даму жөніндегі комиссия төрайымы Сұлушаш Құрманбекова, кеңес хатшысы Жанар Орынбаева, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, туризм және жолаушылар көлігі жөніндегі комиссия төрағасы Әуесхан Зәуірбеков, сондай-ақ облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері Батырхан Дәуренбеков пен Ғалымжан Саймасаев, комитет мүшелері Ертай Жұмаділов пен Әділет Халиев, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының және консультативті диагностикалық орталығының гемодиализ бөлімінің меңгерушісі, Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас нефрологы, Жамбыл облысының өңірлік трансплантолог – үйлестірушісі Аягөз Баймұратова қатысты. Жиынды аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұржан Молдабеков жүргізді.
Отырыс барысында түрлі саладағы мәселелер, атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, сәулет және қала құрылыс, сондай-ақ автомобиль жолдары жөнінде айтылды.
Қоғамдық кеңес мүшелері тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірмелер берді. Сонымен қатар, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны атап өтілді.
Аталған қабылдау мен тыңдау жұмыстары халықпен кері байланысты нығайтып, трансплантацияны дамыту мен өңірдегі әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталды.