Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті

Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті
Бүгін аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Комиссия отырысына аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, ауылдық мәдениет үйлері мен клуб меңгерушілері, құрылысшы мердігер мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті және ауылдық округтердегі мәдениет үйлері жанындағы үйірмелердің жұмысы туралы» аудан әкімінің орынбасары Болат Жолтаев хабарлама жасады.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар жанындағы үйірмелердің жұмысын жандандыру, «Арт спорт», «Адал адам» жобасы бойынша жұмыстарды күшейту, мәдени шараларға бөлінген қаржыларды өз мақсатында игеру, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы қарастыру, қалалық мәдениет үйіне хореограф штатын бөлу туралы ұсынысын айтты. Аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Нұрмағанбетова «Арт спорт» бойынша үйірмелердің жұмысына тоқсанына бір рет зерделеу, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бөлінген қаржылардың мақсатты игеруін қадағалау, Мемлекет басшысы Жолдауында 2025 жылы «жұмысшылар жылы» деп жариялауына байланысты келер жылы ауданымыздағы қарапайым жұмысшыларға түрлі қолдау көрсету шараларын ұйымдастыруды жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Қазалы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің атқарған жұмыстары және алдағы жоспарлары туралы» аудан әкімінің Жалғас Сүйеубаевтың хабарламасы тыңдалды. Аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданымызда соңғы жиырма жылда салынған әлеуметтік нысандар құрылысының сапасына зерделеу, қадағалау жұмыстарын жүргізіп, ақау алған кемшіліктерді қалпына келтіру үшін жауапты мердігер мекемелерден талап ету, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығындағы төрт жолақты жолды жарықтандыру, республикалық, облыстық бюджеттен өтпелі құрылыс жобаларының қаржысы бөлінуін бақылауда ұстау қажеттігін айтты. Комиссия соңында депутаттардың ұсыныс-пікірлерінің негізінде қаулы жобасы қабылданды.