Қазақстан Республикасында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттің даму сатысын белгілеп, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған бірнеше Заңдар қабылданды. Солардың ішінде 1993 жылдың 10 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заңы қабылданып, соның негізінде 1994 жылы алғаш рет мәслихаттар институты құрылды. Отыз жылдық тарихы бар мәслихаттардың қызметі әлі күнге қоғам арасындағы өзіндік рөлін абыроймен атқарып келеді.
Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында салтанатты шара өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, облыстық мәслихаттың депутаттары, аудандық мәслихаттың бірінші және сегізінші шақырылымдарының аралығындағы депутаттар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, барлық мекеме басшылары қатысты.
Аудан әкімі халық қалаулыларын Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтап, бірқатар еңбек ардагерлері мен аудандық мәслихаттың барлық шақырылымдарының депутаттарын «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Сонымен бірге, аудандық мәслихаттың 1, 2, 3-ші шақырылымдарының депутаты, мәслихат хатшысы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Бибайша Тілеубергенова мен аудандық мәслихаттың 1, 2, 3, 4-ші шақырылымдарының депутаты, 1994-2010 жылдары аудандық мәслихат жанындағы тексеру комиссиясының төрағасы болған Әлиасқаров Кеңесбайға қазақы дәстүрмен шапан, комзол жауып құрмет көрсетті.
Марапаттау рәсімінен соң Қоғам қайраткері, Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты, облыстық мәслихаттың 2, 3, 4, 5-ші шақырылымдарының депутаты, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Самұрат Имандосов, аудандық мәслихаттың 1, 2, 3-ші шақырылымдарының депутаты, мәслихат хатшысы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Бибайша Тілеубергенова, аудандық мәслихаттың 4, 5-ші шақырылымдарының депутаты, мәслихат хатшысы, Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов жылы лебіздерін білдірді. Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Шарадан соң халық қалаулыларының құрметіне арнап «Алтын сарай» мейрамханасында мерекелік дастархан жайылды. Дастархан басында аудандық мәслихаттың әрбір шақырылымдарының депутаттары арасынан бірқатар азаматтар ізгі тілектерін айтып, аудандық мәслихаттың бірінші шақырылымының депутаттары Алматы қаласынан келген Әбдірасул Әбдіғани мен Ақтөбе қаласынан келген Әбдірова Гаухарға шапан, комзол кигізіп, құрмет көрсетілді.