Қоғамдық кеңестер: мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог

Қоғамдық кеңестер: мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы  2015 жылғы 2 қарашада № 383-V ҚРЗ қабылданды.

Қазақстан Республикасының алдында тұрған міндеттердің бірі - мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жүйелі жұмыс жүргізуін жолға қою, азаматтық қоғам институттарын  жаңғырту.

2024 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес Қармақшы аудандық қоғамдық кеңесі отырыстарында 29 мәселе қаралып, нақты жұмыстар жүргізіліп келеді.

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің және мәслихат төрағасының қоғамдық кеңестер алдында есеп беруі көзделген. Осыған орай жыл басында аудандық қоғамдық кеңес отырысында ауданымыздың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы атқарылатын негізгі міндеттері туралы аудан әкімінің есебі жасалып, жалпы өткен жылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылған айтарлықтай нәтижелі жұмыстары атап өтіліп, алдағы жылдарға да бірқатар үлкен бастамалар көтерді. Ол туралы аудан тұрғындарына жан-жақты ақпарат берілді.

Кездесу барысында аудан басшысы аудандық қоғамдық кеңестің осы уақытқа дейінгі жұмысына оң баға бере отырып, алдағы уақытта да өзекті мәселелерді көтеруде елеулі үлес қосатындарына сенім білдірді.

Осымен қатар аудандық мәслихат төрағасы 2023 жылғы атқарылған жұмыстар есебін беріп, есептік баяндамада аудандық мәслихат  жергілікті атқарушы органдармен бірлесе ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу, сайлаушылардың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерінің  орындалуына бағытталған шараларды  жүзеге асыру  бағытында  атқарылып жатқан өзекті тақырыптар баяндалды. 

Қоғамдық кеңестің басты міндеті - қоғамдағы күрделі мәселелер бойынша нақты ұсыныстар беру, оң шешім табу жолдарын қарастыру. Кеңес отырысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасының 2023 жыл көлемінде атқарылған жұмыстар есебі жасалып, онда қоғамдық кеңесте қозғалған және шешімін тапқан мәселелер жөнінде және еліміздегі жаңа саяси бағыт бойынша қоғамдық кеңестерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғандығы жайлы, осымен қатар алдағы атқарылатын жұмыстар барысы баяндалды. 

Кеңес отырысында аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының «Аудандық бюджеттің атқарылуы жайлы жылдық есебі» талқыланып, талқылау қорытындысы бойынша аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есеп назарға алынып, аудандық мәслихат сессиясының қарауына ұсынылды.

 Қармақшы аудандық электр торабының «Ауданда халықты электр энергиясымен қамтамасыз етудің жай-күйі туралы» мәселеге байланысты халыққа қызмет көрсету барысы және нәтижелі жұмыс жасаудағы жұмыс сапасы зерделенсе,  Жосалы кенті орталығындағы  және  Ақжар, Ақтөбе,  III-Интернационал, Жаңажол, Иіркөл ауылдық округтері мектептеріндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бақылау камералары, өткізу режимі, күзет дабылы,  дабыл түймелеріне байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға қоғамдық кеңес мүшелерімен қоғамдық мониторинг жүргізілді.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша  қоғамдық кеңес мүшелерімен аудандық аурухананың жұмысына қоғамдық мониторинг жүргізіліп, «Қармақшы аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының денсаулық сақтау саласы бойынша аудандағы атқарып жатқан жұмыстары, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен нәтижелі жұмыс жасаудағы есебі тыңдалды. Онда негізгі іс-жоспарға сәйкес атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен алдағы жұмыс жоспарлары кеңінен баяндалып, жиылысқа қатысушыларға слайдтық презентация ұсынылды. Есеп беру кезінде ана мен бала денсаулығын оңалту бағдарламасы, балаларға қызмет, стационарлық көмек, амбулаторлық емханалық көмек, кез-келген аурулардың алдын алу шаралары, сатып алынған медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер жайлы, алға қойылған басым бағыттар мен стратегиялық жоспар және басқа да өзекті мәселелер қамтылды. Аудан халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында, емдеу-сауықтыру және түрлі аурулардың алдын алу жұмыстары бойынша медицина қызметкерлерімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің мәліметі мен көрсеткіштері баяндалды.

Кеңес отырысында «Қармақшы аудандық полиция бөлімімен  аудан көлемінде қылмысқа қарсы күресті күшейтуге, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде атқарып отырған жұмыстары және Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы № 802 Жарлығына сәйкес «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының» орындалу барысы туралы» есебі жасалды. Есепті баяндамада аудан аумағындағы жедел ахуалдың жай-күйі, жыл басынан аудан көлеміндегі қылмыспен күрес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жедел-қызмет жұмыстарының нәтижесі мен алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралардың бағыты қамтылды. Осымен қатар интернет-алаяқтық сияқты қылмыстар – интернет-ресурстар, онлайн несиелеу және мобильді қосымшалар арқылы жасалғанын баяндай келе, полиция жұмысын жетілдіру, тиімділігін арттыру, сервистік модельге көшіру, қоғамға жақын болу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу  бағытындағы іс-шараларды атап өтті.

Халықты таза ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысы біздің ауданымызда да жіті бақылауда. Аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен «Октябрь топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің жұмыс сапасы зерделеніп, қоғамдық мониторинг жүргізілді. Осыған байланысты кеңес отырысында «Ауданда халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің жай-күйі туралы» «Октябрь топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесімен атқарылып жатқан жұмыстар барысы тыңдалды. Онда су қабылдау ғимараттары мен су құбыры желілерінің, насос станцияларының жұмыстары, өрт гидранттарының, су тарату жүйелері мен барлық ұңғымалардың техникалық жағдайы, задвижкалар ауыстыру, су беріп тұрған орталық су мұнарасының жұмысы, су жүйелерінде орын алған апаттық жағдайлардың саны және сипаттамасы баяндалды.

Жасалған есептер бойынша аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен талқыланып, ұсынымдар берілді.

Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге байланысты есептер беру кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Н.Сүлейменов "ZOOM"  платформасы арқылы онлайн қатысып отырды.      

Аудандық қоғамдық кеңесте мемлекеттік мекемелерден келіп түскен 16 нормативтік-құқықтық актілер зерделеніп, келісім берілді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының «Орталық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің құрамында жастарға арналған квотаны ұлғайту» тармағын орындау бойынша Қармақшы аудандық қоғамдық қоғамдық кеңесімен бірқатар нақты жұмыстар жүргізілуде.

Қоғамдық кеңестер институтын қоғамдық бақылаудың және мемлекет істерін басқаруға азаматтық қатысудың маңызды құралының бірі ретінде танымал ету бойынша жастар арасында ақпараттық-түсіндіру, Қармақшы ауданы бойынша жастардың қоғамдық кеңестер институтына қызығушылығын арттыруға бағытталған «Жастар қуаты жақсылыққа жұмсалсын» тақырыпта аудан жастарымен кездесу өткізілді. Бүгінгі таңда аудандық қоғамдық кеңес құрамындағы жастардың үлесі 15,4% құрайды.

Аудандық бұқаралық ақпарат құралдарына және әлеуметтік желілерде, ресми сайттарда қоғамдық кеңеспен атқарылған жұмыстар жайлы және  еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі қоғамдық кеңестердің маңызды рөлі туралы мақалалар, ақпараттар жариялануда.

Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму Министрлігінің 2022 жылғы бекітілген Медиа-жоспарына сәйкес, Қармақшы аудандық Қоғамдық кеңесінің 2024 жылдың басынан атқарған жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарында жарықтандыруға байланысты «Facebook» әлеуметтік желісінде, Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің жұмысын оңтайлы үйлестіру және олардың қызметі жөнінде ақпараттандыру мақсатында kazkenes.kz сайтында, аудандық «Қармақшы таңы» газетінде жарияланып, Қармақшы аудандық мәслихатының интернет-ресурсында ақпараттандырылып отырылды.

Еліміздегі жаңа саяси бағыт бойынша қоғамдық ұйымдарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Осыған орай қоғамдық ұйымдардың белсенділігі артып, ел дамуына қосар үлесі де артып келеді.

Қазіргі уақытта елімізде жергілікті және республикалық деңгейлерде 300-ге жуық қоғамдық кеңес өз қызметін жүзеге асырады.
Елімізде қоғамдық кеңес институтының дамуы қарқынды жүріп жатыр деп сеніммен айтуға болады.