Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістерге байланысты еліміздегі саяси реформалар өз жалғасын табуда. Өздеріңізге белгілі, 2023 жылдың 19 наурызына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және жергілікті деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауы жарияланды. Қазіргі кезде бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті.
Осыған орай, қазіргі кезде жетінші шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының өкілеттік мерзімі тоқтатылды. Өздеріңізге белгілі жетінші шақырылған Қармақшы аудандық мәслихатының депутаттық корпусы 2021 жылдың 15 қаңтарында жаңадан жасақталып, бүгінге дейін өз қызметтерін атқарып келді. Қармақшы ауданы бойынша, аудандық мәслихаттың 13 депутаты сайланған. Депутаттардың он бірі «AMANAT» партиясының мүшесі, екеуі «Ауыл» партиясының мүшесі.
Халық қалаулыларының арасында 3 депутат немесе 23 %-ы өткен шақырылымның депутаттары.
Жалпы жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың 32 сессиясы, оның 8 кезекті, 24 кезектен тыс сессия өткізіліп, 273 шешім қабылданды. Сондай-ақ, осы кезеңде мәслихат хатшысының 221 өкімі шықты.
Аудандық мәслихаттың кезекті яғни 2021 жылғы 24 маусымдағы сессиясында «Ауданда мал шаруашылығын дамыту жолдары және оны жақсарту шаралары туралы», 2021 жылғы 27 қыркүйектегі сессиясында «Қармақшы ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі», 2021 жылғы 23 желтоқсандағы сессиясында «2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы», «2022-2024 жылдарға арналған кенттер мен ауылдық округтер бюджеттері туралы», 2022 жылғы 24 маусымдағы сессиясында «Ауданда әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтарды қорғаудың жайы және оны жақсарту шаралары туралы», 2022 жылғы 30 қыркүйектегі сессиясында «Қармақшы ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі», 2022 жылғы 21 желтоқсандағы сессиясында «2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы», «2023-2025 жылдарға арналған кенттер мен ауылдық округтер бюджеттері туралы» мәселелер қаралды.
Жетінші шақырылымда аудандық мәслихатқа жеке тұлғалардан 12 өтініш келіп түсті. Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына сәйкес тұрғындардан келіп түскен өтініштер дер кезінде заңдылықтарға сәйкес қаралып, өтініш иелеріне орындалуы туралы хабарлар жолданды. Аудандық мәслихат хатшысы мен аппарат басшысының азаматтарды қабылдау кестесі және мәслихат аппаратының сенім телефоны әр тоқсан сайын аудандық басылым бетінде жарияланып тұрады. Осы шақырылымда қабылдау кестесіне сәйкес аудандық мәслихат хатшысының жеке қабылдауында 72 адам болып, олардың өтініштері қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес шешімін тапты.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттары облыс әкімі лауазымына ұсынылған кандидаттарға келісім беру жиынына және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлау науқанына қатысып, ұйымшылдық танытып, өз таңдауларын жасады.