Қаражал қалалық мәслихатының ХХХІІІ кезекті сессиясы өтті
2025 жылғы 25 қыркүйекте Қаражал қалалық мәслихатының ХХХІІІ кезекті сессиясы өтті. Жиынға мәслихат депутаттары, қала және кент әкімдері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, бюджеттік саясатқа және инфрақұрылымдық мәселелерге қатысты бірқатар маңызды тақырыптар қаралды.
Алдымен Жәйрем және Шалғы кенттері әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы жөніндегі есептері тыңдалды. Бұдан бөлек, Қаражал-Жәйрем өңірінде 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы талқыланды. Бұл мәселе бойынша Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Аманғазы Боранбайұлы Наукенов баяндама жасап, алдағы қысқа әзірлік жұмыстарына тоқталды.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нұргүл Жолшыбекқызы қалалық бюджетке енгізілетін өзгерістерді таныстырды. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Сатанов 2025 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін және жайылымдарды басқарудың 2025-2029 жылдарға арналған жоспарын ұсынды.
Елді мекендерді абаттандыру мәселесі бойынша бөлім басшысы Бекзат Пердебекұлы Қален есебін берді. Оның баяндамасынан кейін депутаттар халықты толғандырған көптеген қордаланған мәселелерді жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Сессияда депутаттық сауалдар да көтерілді. Депутаттар қаладағы қаңырап тұрған ғимараттар мәселесіне, соның ішінде бұрынғы «спецкомендатура» ғимаратына назар аударып, бұл мәселе бойынша әкімдіктен оң шешім күтілетінін айтты. Ал депутат Д.Жақсыбеков кентішілік маршруттардың тарифіне қатысты мәселені ортаға салды.
Сессия қорытындысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Депутаттар қабылданған шешімдердің уақытылы және сапалы орындалуы әрдайым бақылауда болатынын атап өтті.