
Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары Т.М. Әшімов, М.Қ. Түсіпов және А.Е. Упабеков «Ресайклинг» ЖШС-нің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына барды. Көшпелі отырыс барысында депутаттар кәсіпорынның қызметімен, өндірістік процестерімен және қалдықтарды қайта өңдеу саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.
Полигон аумағында экологиялық және техникалық талаптардың сақталуына қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Атап айтқанда:
— полигон айналасындағы жер асты суларының жағдайын бақылауға арналған ұңғымалардың болуы;
— қоқыстың ұшып кетуіне қарсы торлардың орнатылуы;
— құрылыс қалдықтарын бөлек көму жұмыстары;
— топырақ төсеу және өрттің алдын алу шаралары бойынша техникалық құжаттардың орындалуы;
— жедел хабарлау жүйесі мен бейнебақылаудың болмауы;
— техникалық су ұңғымасының болуы;
— электр энергиясының болмауына байланысты қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау цехының жұмыс істемеуі;
— өрт сөндіру мақсатындағы су резервуарының болмауы.
Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша депутаттар полигон жұмысының өзекті мәселелерін талқылап, экологиялық талаптар мен қауіпсіздік нормаларын сақтау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді.