Мәслихат депутаттары ерекше балаларды қолдайтын жобамен танысты
Бүгін Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары «Arman asu» қоғамдық бірлестігін аралап, «Мүгедектігі бар балаларға арналған иппотерапия» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты (Кооперация көшесі, 45-үй).
Іс-шараға Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Шалабаева З.Х., қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Платонова М.С., сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары Дүйсембаева С.Ж., Ахметбеков А.О., Түсіпов М.К. қатысты.
2017 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жобаның басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдерді физикалық және психоәлеуметтік тұрғыда оңалту мен әлеуметтендіруге көмек көрсету. Иппотерапия – яғни, дамытушы атқа міну арқылы оңалту – балаларға ерекше әсер ететіні дәлелденген.
Жобаның жетекшісі Какимова А.А. депутаттарға атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Үш жылға жоспарланған жобаға 110 миллион теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 75 бала иппотерапия арқылы ем алып жатыр. Инструкторлар мен ата-аналар балалардың көңіл-күйі мен дамуына оң әсер байқалғанын атап өтті.
Депутаттар жобаның табысты жүзеге асуына тілектестігін білдіріп, ұйымдастырушылар мен қызметкерлерге алғыстарын жеткізді.