«Сарыжайлау» кинотеатрының жайлы залында облыстық мәслихат депутаттары маңызды оқиға – Жеңістің 80 жылдығын атап өту үшін жиналды. Бұл айтулы іс-шара Ұлы Отан соғысы жылдарында батылдық пен ерлік көрсеткен жандарға деген құрмет пен ризашылықтың айғағы болды.
Депутаттар Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің мүшелерімен, облыстық мәслихат аппаратының қызметкерлерімен бірге тыл еңбеккерлерін, концлагерь тұтқындарын және блокадашыларды жылы шыраймен қарсы алды.
Іс-шара шымылдығы «Startkino» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің өнер көрсетуімен ашылды. Шабытқа толы жас ақындар поэзия арқылы соғыстың ауыртпашылығын және бейбітшілікті сақтаудың маңыздылығын жеткізді.
«Іс-шарамыздың негізгі мақсаты – бейбіт аспан астында өмір сүру мүмкіндігін сыйлаған ардагерлерге алғыс білдіру ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың жүрегінде тарихи жадыны сақтау», – деп атап өтті әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова.
Депутаттар сыйлы қонақтарға деген құрметін сұрапыл соғыс жылдарындағы ерлікті еске салатын Александр Бектің «Волоколамское шоссе» кітабы мен гүл шоқтарын тарту ету арқылы білдірді.
Іс-шара аясында тақырыптық көрме ұйымдастырылып, соғыс туралы көркем фильм көрсетілді. Фильм көрсетілімі аяқталғаннан кейін ардагерлер мен жастар тарих қойнауындағы ауыр кезең туралы ойларын ортаға салып, әсерлерімен бөлісті.
«Сарыжайлау» кинотеатрының директоры - облыстық мәслихат депутаты Арман Әлімжанов шығармашылық орталықтың суретшілері дайындаған көрме ағымдағы жылдың 12 мамырына дейін көрермен назарына ұсынылатынын айтты.
Бұл іс-шара өткен күнге деген құрмет қана емес, келер ұрпақтың жүрегіне ерлікке деген тағзымды ұялатудағы маңызды қадам болды.