«Ең күрделі мәселелер бойынша көмек» - депутаттар Психикалық денсаулық орталығының жұмысымен танысты

«Ең күрделі мәселелер бойынша көмек» - депутаттар Психикалық денсаулық орталығының жұмысымен танысты

Облыстық мәслихат депутаттары Қ.Оспанова, М.Әбілов, Г.Тоқсамбаев, С.-М.Қазитов және З.Шалабаева Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Байбосыновпен бірлесіп, қалалық мәслихат депутаттарының, прокуратура мен денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің қатысуымен Облыстық психикалық денсаулық орталығына барды.

Жұмыс сапарының мақсаты өңірдегі психикалық денсаулық жүйесін дамытудың қазіргі заманның өзекті сын-қатерлері мен перспективалық бағыттарын айқындау болды.

Кездесуде есірткі патологиясы бойынша эпидемиологиялық ахуал, психикалық және мінез-құлық бұзылыстарының алдын алу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығы, сондай-ақ оқушылар мен жастар арасында психоактивті заттарды қолданудың таралу деңгейін зерттеу және бағалау жөніндегі жобаны іске асыру қажеттілігі туралы мәселелер талқыланды.

Депутаттардың назарына психотроптық заттарды анықтауға мүмкіндік беретін жаңа жабдық ұсынылды. Орталық газ хроматографын 18 жастан 35 жасқа дейінгі жастар арасында синтетикалық есірткіні қолданудың өсуіне байланысты қажетті диагностиканы жүргізу үшін сатып алды.

«Психикалық денсаулық орталығын ашу –  облыс тұрғындары үшін қолжетімді психиатриялық және психоәлеуметтік көмек жүйесін қалыптастырудағы маңызды қадам. Депутаттық корпус тарапынан емханалар жанынан осындай орталықтар құру қажеттігі туралы ұсынысқа қолдау көрсетілуде. Осылайша, пациенттерді консультацияларға және дифференциалды диагностикаға жіберу мүмкіндігі жасалуда», – деп атап өтті әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша депутаттық корпус ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсартуға және психотерапиялық көмек пен әлеуметтік оңалтуды дамытуға бағытталған ұсынымдар енгізетін болады.