Депутаттар Қарағанды облысын басқарудың жаңа схемасын бекітті

Депутаттар Қарағанды облысын басқарудың жаңа схемасын бекітті

Облыстық мәслихат депутаттары кезектен тыс XXIII сессия өткізді, негізгі мәселе – Қарағанды облысын басқарудың жаңа схемасын бекіту болды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысы негізінде облыс әкімдеріне жылына бір рет жергілікті атқарушы органдардың құрылымын өзгерту құқығы берілген. Осы құқықты пайдалана отырып, облыс әкімі бірқатар басқармаларды қайта құруды ұсынды.

Облыс әкімдігінің жаңа құрылымына қолданыстағы 24 бюджеттік бағдарламалар әкімшісі орнына 23 облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшісі кіреді.

Ұсынылған өзгерістерге сәйкес Жер қатынастары басқармасын Ауыл шаруашылығы басқармасына қосу арқылы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы құрылатын болады. Сондай-ақ, 2 басқарманы біріктіру арқылы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы құрылады.

Мемлекеттік сатып алу басқармасын қосу арқылы Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы құрылады, оған бюджетті атқару, мемлекеттік активтерді басқару және мемлекеттік сатып алу функциялары кіреді.

Экономика басқармасына Қаржы басқармасының бюджеттік жоспарлау бөлігіндегі функциялары беріледі, нәтижесінде Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы құрылады.

Сонымен қатар, сыртқы байланыстар функциясы берілген бір жаңа басқарма Туризм басқармасы қалыптасуда.

Сондай-ақ депутаттық корпус Қарағанды мен Сарандағы бағалау аймақтарының шекараларын және жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерін бекітті.

Сонымен қатар, сессия шешімімен облыс әкімі жанындағы жер комиссиясы, құқық бұзушылықтардың алдын алу комиссиясы; нашақорлыққа, есірткі бизнесіне, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия сияқты консультативтік-кеңесші органдардың құрамы мақұлданды; Кәсіпкерлік және өнеркәсіп жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің және т.б. құрамы келісілді.

Жалпы, бүгін қабылданған мәслихат шешімдері жергілікті мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды көздейді және бюджет шығыстарын оңтайландыруға бағытталған.