ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТАРЫ КЕЗЕКТЕН ТЫС XX СЕССИЯДА ОБЛЫСТЫҢ НАҚТЫЛАНҒАН БЮДЖЕТІН ҚАБЫЛДАДЫ

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТАРЫ КЕЗЕКТЕН ТЫС XX СЕССИЯДА ОБЛЫСТЫҢ НАҚТЫЛАНҒАН БЮДЖЕТІН ҚАБЫЛДАДЫ

Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешовтың төрағалығымен кезектен тыс XX сессияда облыстың 2022 жылға арналған нақтыланған бюджеті қаралып, қабылданды. Облыстық бюджеттің түсімдері мен шығыстары бойынша өзгерістер туралы қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина хабарлады.

Людмила БАШАРИНА, қаржы басқармасының басшысы:

«Шығыстар құрамында: 1-4 сынып оқушыларының тамақтануына, облыстың білім беру ұйымдарының коммуналдық қызметтеріне ақы төлеуге және жалақы төлеуге; әлеуметтік маңызы бар ауданаралық (облысішілік қалааралық) автомобиль маршруттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға; Саран қаласындағы тұрғын үйді қайта жаңартуды аяқтауға және т. б. қаражат ескерілді».

Енгізілетін өзгерістер облыстық бюджет комиссиясында, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында, облыстың қоғамдық кеңесінің отырысында қаралды.

Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешов азаматтардың жайлы өмір сүруі үшін қажетті жағдай жасаудың түпкі мақсаты туралы айтып, бюджетті тиімді атқару қажеттігін атап өтті.

Сондай - ақ, кезектен тыс ХХ сессияда депутаттық корпус тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, мамандандырылған емдеу өнімдерін, медициналық бұйымдарды, Қазақстандықтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін қосымша ұсыну бағдарламасына енгізілетін өзгерістер бойынша денсаулық сақтау басқармасының ұсыныстарын қолдады. Сонымен қатар, депутаттар Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы комиссиялардың дербес құрамына енгізілген өзгерістерді бекітті.

Сессия жұмысына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Өңір басшысы облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер негізінен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті.