Халықаралық шахмат күніне орай Қарағанды облыстық мәслихатында Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен ҚР Парламенті Сенаты ұйымдастырған «Senat Open» III ашық кубогының финалистерін марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шараға қалалық және аудандық мәслихат төрағалары, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нуратов, Қазақстан шахмат федерациясының өңірлік филиалының басшысы Николай Симонян, сондай-ақ республикалық турнирде өңір намысын қорғаған Қарағанды облысы құрамасының мүшелері қатысты.
Елдің ең ірі зияткерлік жобасы – «Senat Open» турнирінде 2026 жылы 8 мыңнан астам әуесқой шахматшы бас қосты. Қарағанды облысының командасы жарыстың барлық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, финал қорытындысы бойынша Қазақстанның 20 өңірі арасында 6-шы орынға табан тіреді.
Іс-шараны ашқан Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов бүгінгі таңда «Senat Open» – бұл жай ғана сайыс емес, бүкіл ел бойынша мыңдаған адамдарды біріктіретін ауқымды зияткерлік қозғалыс екенін атап өтті.
«Жылдан жылға Қарағанды облысы тұрғындарының шахматқа деген қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады, ал өңіріміз спорттың бұл түрін дамытуға үлкен үлес қосуда», – деді Нұркен Кобжанов.
Кездесу барысында өңірде шахмат спортын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Облыста шахматты насихаттау бойынша жобалар іске асырылуда, балалар мен ересектердің шахматпен айналысуына жағдай жасалуда.
«Қарағанды облысында шахмат спорты қарқынды дамып келеді. Мектептерде балалар шахмат негіздерін үйренуде, жаңа қоғамдық шахмат алаңдары құрылуда, зияткерлік спортты насихаттау бойынша жобалар іске асырылуда. Біз шахматты дамытуға және өңіріміздің тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған бастамаларды одан әрі қолдайтын боламыз», – деп мәлімдеді облыстық мәслихат төрағасы.
Салтанатты рәсім барысында құрама қатысушыларына, сондай-ақ оны дайындауға және «Senat Open» турниріне қатысуға қолдау көрсеткен тұлғаларға Қарағанды облыстық мәслихатының алғыс хаттары табыс етілді. Нұркен Кобжанов спортшылар мен ұйымдастырушыларға республикалық турнирде лайықты өнер көрсетіп, жоғары командалық нәтижеге қол жеткізгені үшін және Қарағанды облысында шахматты насихаттауға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Іс-шара соңында турнир финалистері Қарағандыдағы қоғамдық шахмат алаңына барып, достық партияларын өткізді.