
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен «ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ - ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕГІЗІ» өңірлік сараптамалық форумына қатысты.
Форум мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің, прокуратура органдарының, депутаттық корпустың, этномәдени бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығының, жастар және қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін біріктірді.
Іс-шара барысында конституциялық реформаларды іске асыру, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, азаматтық қоғам институттарын дамыту және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру мәселелері талқыланды.
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа тетігі ретіндегі Халық Кеңесінің рөлі туралы баяндама жасады. Ол жаңартылған Конституция еліміздің қоғамдық-саяси жүйесін дамытудың жаңа кезеңін бастап, азаматтардың мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.
«Бүгін Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы күшіне енді. Бұл мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылын дамытудың, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік шешімдерді қабылдауға қатысуын кеңейтудің жаңа кезеңін айқындайды. Конституциялық реформаның аясында құрылып жатқан негізгі институттардың бірі - Халық Кеңесі. Оның басты миссиясы - ішкі саясат, қоғамдық бірлікті нығайту және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету мәселелері бойынша ұсынымдар әзірленетін жалпыхалықтық диалогтың басты алаңына айналу», - деп атап өтті Нұркен Кобжанов.
Облыстық мәслихат төрағасы Халық Кеңесін құру жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мен өңірлердің мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін күшейту үшін ерекше маңызға ие екенін айтты. Оның айтуынша, Кеңес құрамының үштен бірін мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері құрайды. Бұл өңірлік күн тәртібінің жалпыұлттық деңгейде тұрақты ұсынылуын қамтамасыз етеді.
«Нәтижесінде «халық - жергілікті өзін-өзі басқару органдары - мәслихаттар - Халық Кеңесі - Құрылтай» арасындағы қоғамдық диалогтың біртұтас жүйесі қалыптасады. Бұл мемлекеттік бағдарламаларды, стратегиялық құжаттарды және заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде тұрғындардың мәселелерін тиімдірек ескеруге мүмкіндік береді», - деді облыстық мәслихат төрағасы.
Форум соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясы табысталып, Мемлекет басшысының Алғыс хаттары тапсырылды. Сондай-ақ Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды.