Қарағанды облысының құрамасы «Senat Open-2026» турнирінің финалында лайықты өнер көрсетті

Қарағанды облысының құрамасы «Senat Open-2026» турнирінің финалында лайықты өнер көрсетті

Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов «Senat Open-2026» Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шахматтан ашық кубогының финалдық кезеңінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Финалдық кезеңде Қарағанды облысының намысын 19 шахмат әуесқойынан құралған құрама команда қорғады. Команда сапында облыстық мәслихат депутаттары Қадиша Оспанова, Арман Әлімжанов, Абай Қалықов және Абсалям Карин өнер көрсетті. Құрама турнирдің шешуші кезеңіне жолдаманы жартылай финалда сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болу арқылы жеңіп алды.

Биыл Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бастамасымен және Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен ұйымдастырылған турнирге еліміздің барлық өңірінен 8 мыңнан астам шахмат әуесқойы қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда қатысушылар санының үш есеге жуық артқанын көрсетеді. Финалдық кезеңде барлық деңгейдегі депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, денсаулық сақтау және білім беру салаларының қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық кеңестердің мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бақ сынасты.

Финалдық кезеңнің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгінде шахматтың елімізде тек кәсіби спорт түрі ғана емес, бұқаралық зияткерлік қозғалысқа айналып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы шахматты дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді, ал мұндай жарыстар өңірлерде зияткерлік спортты кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Өз кезегінде Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов үш жыл ішінде «Senat Open» турнирі еліміздегі ең ауқымды шахмат жобаларының біріне айналғанын айтты.

Финалдық кезеңнің қорытындысы бойынша Қарағанды облысының өкілдері жоғары нәтиже көрсетті. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлері арасында Димаш Кәріпбаев жеңімпаз атанса, Тимур Рахымжанов күміс жүлдеге ие болды.

Жалпыкомандалық есепте Қарағанды облысының құрамасы еліміздің үздік 20 командасының арасында алтыншы орынды иеленіп, турнирдің Кіші кубогының иегері атанды.

Димаш Кәріпбаевты, Тимур Рахымжановты, турнирдің барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ капитаны Қадиша Оспанова бастаған Қарағанды облысының құрамасын лайықты өнер көрсетулерімен шын жүректен құттықтаймыз! Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс және жаңа жеңістер тілейміз!