«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес облыстық мәслихат депутаттары «Сарыарқа» хоккей клубы» ЖШС-ін жекешелендіру мәселесі бойынша көпшілік тыңдаулар өткізді.
Талқылауға облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Серікжан Байбосынов, облыстық басқармалардың басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, «Сарыарқа» хоккей клубы мен спорт мектептерінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, спортшылар, еңбек сіңірген жаттықтырушылар, спорт ардагерлері, қала тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Тыңдау барысында хоккей клубын жекешелендірудің орындылығы, оның одан әрі даму перспективалары, қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, әлеуметтік бағыттылығын сақтау және балалар мен жасөспірімдер хоккейін қолдау мәселелері қаралды. Қатысушылар сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кәсіби спортты коммерцияландыруды дамыту жөніндегі бағытын қолдады.
Көпшілік тыңдаулар модераторы, облыстық мәслихаттың бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Арман Алимжановтың айтуынша, талқылау қорытындысы бойынша барлық әзірленген ұсынымдар көрініс табатын хаттама жасалатын болады. Олар болашақ инвестордың әлеуметтік және инвестициялық міндеттемелерінің орындалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету, клубты тұрақты қаржыландыруға кепілдік беру, жаттықтырушылар құрамын және балалар мен жасөспірімдер хоккейін дамыту, сондай-ақ клуб қызметі туралы жыл сайынғы жария есептілік тәжірибесін енгізу мәселелеріне қатысты.
Алдағы уақытта жекешелендіру мәселелері жөніндегі арнайы комиссия құру жоспарлануда, оның құрамына мемлекеттік органдардың да, қоғамдық бірлестіктердің де өкілдері енгізіледі.