Облыстық мәслихат депутаттары ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мәселелерін талқылады

Облыстық мәслихат депутаттары ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мәселелерін талқылады

Қарағанды облыстық мәслихатында Нұркен Кобжановтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану және «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» жобасын іске асыру мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.

Кеңеске Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Р.А.Кенжебеков, облыстық мәслихат депутаттары, уәкілетті мемлекеттік органдар мен аудан әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Кеңес барысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау, оларды мемлекет меншігіне қайтару және ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізу мәселелері қаралды.

Баяндамамен ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы А.Д.Тюлюбеков, Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы А.С.Лямбеков, сондай-ақ аудан әкімдіктерінің өкілдері сөз сөйледі. Талқылау аясында депутаттар жерлерді қайтару жоспарының орындалу қарқынына, елді мекендерді жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуге және жер ресурстарын пайдалану тиімділігіне ерекше назар аударды.

Депутаттық корпус тарапынан ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға бақылауды күшейту, халықтың жайылымға деген қажеттілігін өзектендіру, жайылымдық аумақтардың инфрақұрылымын дамыту және жерлерді бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.

Кеңес қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және «Жер аманаты» жобасы аясындағы іс-шараларды іске асыру тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсынымдар берілді.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселелері Қарағанды облыстық мәслихатының бейінді комиссиясының бақылауына алынды.