Облыстық мәслихатта Қарағанды қаласының «Күнгей» (Алмалы) және «Жаңа аудан» шағынаудандарын электрмен жабдықтау мәселелері талқыланды

Облыстық мәслихатта Қарағанды қаласының «Күнгей» (Алмалы) және «Жаңа аудан» шағынаудандарын электрмен жабдықтау мәселелері талқыланды

Нұркен Кобжановтың төрағалығымен Қарағанды қаласының «Күнгей» (Алмалы) және «Жаңа аудан» шағынаудандарын электрмен жабдықтау мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.

Кеңеске Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Қ.А.Камзин, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Талқылау барысында аталған шағынаудандарда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқаны, алайда қолданыстағы «Оңтүстік-Шығыс» қосалқы станциясы рұқсат етілген жүктемеден артық режимде жұмыс істеп тұрғаны атап өтілді. Осыған байланысты жаңа тұтынушыларға техникалық шарттар беру уақытша тоқтатылған.

Мәселені кешенді шешу мақсатында кеңеске қатысушылар «Жаңа Жарық» қосалқы станциясынан «Болашақ» қосалқы станциясына дейінгі 110 кВ әуе электр жеткізу желісін салу жобасын іске асыру шараларын қарастырды. Жобаны жүзеге асыруды бастау үшін орман қоры жер учаскелерін Қарағанды қаласы әкімдігінің балансына рәсімдеп, кейіннен оларды «Қарағанды Жарық» ЖШС-не беру қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ «Күнгей» (Алмалы) шағынауданындағы 1041 тұрғын үйді электрмен жабдықтау бойынша жұмыс жобасын іске асыруға қаржы бөлу мәселесі қаралды. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, іске асыруға дайын.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жер учаскелерін рәсімдеу және беру мәселелерін келісу, сондай-ақ қаржыландыру көздерін айқындау бойынша нақты ұсынымдар берілді.

Шағынаудандарды тұрақты электрмен жабдықтау мәселесі Қарағанды облыстық мәслихатының бейінді комиссиясының бақылауына алынды.