Түркістанда туризмді дамыту және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері қаралды

Түркістанда туризмді дамыту және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері қаралды

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов Түркістан қаласындағы «Киіз үй» кешенінде өткен «Turkistan-2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты конференцияға қатысты. Іс-шара Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтың модераторлығымен өтті.

Аталған іс-шара Түркістан облыстық мәслихаты мен «Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен насихаттау, ішкі туризмді дамыту және Түркістанның түркі әлемінің рухани әрі мәдени орталығы ретіндегі мәртебесін нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өткізілді.

Конференция жұмысына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғылыми қауымдастық, туризм саласының мамандары мен дін өкілдері қатысты. Талқылау барысында өңірлердің туристік әлеуетін дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау, рухани құндылықтарды дәріптеу және елдің туристік тартымдылығын арттыру мәселелері қаралды.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар ішкі туризмді одан әрі дамыту, өңіраралық ынтымақтастықты күшейту, Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ туристік инфрақұрылымды дамыту мен туристік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдау қажеттігін атап өтті.

Жұмыс сапары аясында облыстық мәслихаттардың төрағалары Түркістан облысындағы мәдени нысандармен, тарихи орындармен және бірқатар кәсіпорындардың қызметімен танысты.