«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері - облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, облыстық мәслихат депутаттары Александр Куприенко және Сейфул-Мәлік Казитов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешовпен және өңірлік коалиция өкілдерімен бірлесіп Индустриялық-техникалық колледждің оқытушылары мен студенттерімен, сондай-ақ Шәкәрім атындағы гимназияның педагогикалық ұжымымен кездесулер өткізді. Іс-шаралар алдағы референдумға дайындық аясында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналды.
Талқылауға 200-ге жуық студент пен оқытушы қатысты. Ашық диалог барысында депутаттар алдағы референдумның елдің одан әрі дамуы үшін ерекше маңыздылығын атап өтті және Конституция жобасында мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтары ретінде білімге, ғылымға, мәдениетке және инновацияларға ерекше мән берілгеніне назар салды. Спикерлер Қазақстанның орнықты болашағы табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға ғана емес, сондай-ақ интеллектуалды дамыған, бәсекеге қабілетті қоғамды қалыптастыруға да байланысты екенін мәлімдеді.
Кездесуге қатысушылар алдында сөз сөйлеген сенатор Серік Өтешов мемлекеттің барлық ресурстары адами әлеуетті нығайтуға және ашуға бағытталатынын атап өтті. Оның айтуынша, Конституцияның жаңа редакциясында елдің тарихи сабақтастығы көрініс тапқан, ал мемлекеттік шекаралар ең жоғары, бөлінбейтін және өзгермейтін құндылық ретінде бекітілген.
Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов алдағы шешімдердің маңыздылығына тоқталды.
«Бүгін біздің алдымызда басты мәселе тұр - біздің болашағымыз қандай болады, әрқайсымыздың өміріміз қалай өзгереді және ертең Қазақстан қалай дамиды. Бұл мәселені әсіресе жас студенттер қатты сезінеді, олардың көпшілігі бірінші рет дауыс береді. Осыған байланысты, адами әлеуетті дамытуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға және тұрақты болашақты қамтамасыз етуге бағытталған елдің стратегиялық көзқарасын көрсететін Конституцияның жаңа жобасы дайындалды", - деп атап өтті Нұркен Кобжанов.
«ҚХП» филиалының төрағасы Халел Мақсұтов азаматтардың құқықтарын қорғаудың басымдығын атап өтті. Ол адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары жаңартылған Ата Заңның бүкіл тұжырымдамасы негізделетін мемлекеттің ең жоғары құндылықтары болып жарияланатынын ортаға салды. Жобада тұңғыш рет дербес деректерді қорғауға, банктік құпияға, телефон арқылы сөйлесу және интернет-хат алмасу құпиясына, сондай-ақ адвокатура мәртебесіне қатысты нормалар бекітілген.
Қалалық мәслихат төрағасы Алтынтөре Бөкенов пен облыстық мәслихат депутаттары Александр Куприенко, Сейфул-Мәлік Казитов та өз ұстанымдарын білдірді. Олар азаматтардың цифрлық құқықтарын дамытудың, IT саласында білікті мамандарды даярлаудың және жастарды қоғамдық-саяси процестерге белсенді тартудың маңыздылығын атап өтті.
Өңірдегі ең ірі энергия беруші кәсіпорындардың бірі – «Қарағанды Жарық» ЖШС еңбек ұжымымен жеке кездесу өтті. Диалог барысында саяси және әлеуметтік-құқықтық өзгерістер, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және халықтың маңызды шешімдер қабылдауға қатысуын кеңейту сияқты жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері түсіндірілді.
Өңірлердегі жұмыс жалғасатын болады. Коалиция сындарлы қоғамдық диалог, азаматтық келісімді нығайту және Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның құндылықтары төңірегінде қоғамды біріктіру үшін жағдай жасауды жалғастыруға ниетті.