Арман Әлімжанов: «Noa One m» биогаз қондырғысы студенттерге арналған практикалық зерттеулер платформасына айналады»

Арман Әлімжанов: «Noa One m» биогаз қондырғысы студенттерге арналған практикалық зерттеулер платформасына айналады»

Қарағанды облыстық мәслихатының бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Арман Әлімжанов Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды Техникалық Университетінде шағын биогаз қондырғысының тұсаукесеріне арналған дөңгелек үстел жұмысына қатысты.

Іс-шараға Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Әли Мехтиев, Германияның қоршаған орта, табиғатты қорғау, ядролық қауіпсіздік және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Федералды министрлігінің өкілі Хайко Боллвиг, Орталық Азиядағы Германия экономикасы өкілдігінің қызметкерлері және басқа да мамандар қатысты.

"nOa One M" шағын биогаз қондырғысы - органикалық қалдықтарды биогазға өңдеуге арналған жылжымалы кешен. Ашыту нәтижесінде электр энергиясы мен жылуды өндіру үшін метан, сондай-ақ экологиялық тыңайтқыш түзіледі. Қондырғыны білім беру мекемелерінде, ферма шаруашылығында және шалғайдағы елді мекендерде қолдануға болады.

Инновациялық жоба халықаралық ынтымақтастық қорытындысы бойынша іске асырылды: "Creative Innovation Institute" Орталық Азияның орнықты даму қоғамдық қоры Орталық Азиядағы герман экономикасы өкілдігі (DEinternational Kasachstan) ұйымдастырған конкурстың жеңімпазы атанып, оқу-зерттеу объектісі ретінде ЖОО-да орналастыру үшін өтеусіз пайдалануға неміс өндірісінің құрылғысына ие болды.

Дөңгелек үстел барысында Арман Әлімжанов бұл жоба "жасыл" энергетика саласындағы практикалық шешімдерді әзірлеу үшін "тірі зертхананы" қалыптастыратынын атап өтті.

"Қарағанды облысы - индустрия орталығы. Мұнда ресурстар, энергия және технологияның құндылығын жақсы түсінеді. Сондықтан біз үшін орнықты даму - экономиканы жаңартудың және оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың прагматикалық жолы. Бұл тәсіл мемлекеттік саясаттың басымдықтарына сәйкес келеді. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев адами капиталға инвестиция салмай, ғылымды дамытпай және университеттердің инновация орталығы ретіндегі рөлін күшейтпей тұрақты өсу мүмкін еместігін атап өтті",- деді ол Германиядан келген мамандарға арналған алғы сөзінде.

Бұған дейін Президент қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 2030 жылға дейін 40%-ға дейін жеткізу міндетін қойған болатын. Бұл тұрғыда жобаны іске асыру Қарағанды өңірінің инновациялық технологияларды ілгерілетуге, энергия тиімділігін арттыруға және «жасыл»технологиялар саласындағы кадрлық әлеуетті қалыптастыруға қосқан үлесі ретінде қарастырылады.