
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты С.Б. Өтешовтің Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында облыстық мәслихат депутаттары Г.С. Токсамбаев, С-М.Т. Қазитов сенатормен бірлесіп «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ және «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС барды.
Депутаттар кәсіпорындардың ғылыми зертханаларымен және өндірістік учаскелерімен, сондай-ақ отандық фармацевтикалық ғылымның жаңалықтарымен танысты. «Фитохимия» ҰҒО» АҚ химиялық, фармакологиялық, биологиялық және фармацевтикалық бейіндегі 12 ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-өндірістік бөлімшелерді біріктіретін жетекші ғылыми-өндірістік орталық болып табылады.
Депутаттық корпусқа дәрілік өсімдік шикізатын экстракциялаудың, хроматографияның, кептіру мен сапаны бақылаудың заманауи технологиялары, сондай-ақ фармакология және жануархана зертханалары көрсетілді. Қарағанды фармацевтикалық зауыты ісікке қарсы, паразитке қарсы, антиатеросклеротикалық және гепатопротекторлық құралдарды қоса алғанда, 72 бірегей фитопрепарат әзірлеп шығарады.
Сондай-ақ, депутаттар ауданы 2000 м2 болатын жаңа экстракция және мұздатып кептіру цехының құрылысын көздейтін Қарағанды фармацевтикалық зауытының өндірісін кеңейту жобасымен танысты. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін зауыттың өндірістік қуаты жылына 75 мыңнан астам қаптама дәрілік заттарды шығаруға жетеді деп болжануда. Жобаның жалпы құны - 10 млн. АҚШ доллары, оның жартысын қытайлық серіктес, жартысын қазақстандық тарап инвестициялайды.
Жұмыс сапары барысында инвестицияларды тарту және қорғау, дәрілік заттарды цифрлық таңбалау, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің жоғары құны, ғылыми әзірлемелерге мемлекеттік қаржыландыруды бөлу, сондай-ақ жоғары білікті кадрларды даярлау сияқты отандық фармацевтика саласының негізгі мәселелері талқыланды.
Депутаттар «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ мен «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС өңірдің индустриялық және инновациялық дамуы үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Аталған түйінді мәселелер депутаттық корпустың бақылауына алынды және орталық мемлекеттік органдармен өзара жұмыс барысында пысықталатын болады.