Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты С.Б. Өтешов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді, сапар аясында облыстық мәслихат депутаттары А.Ж. Әлімжанов, Б.С.Досжанов және Қ.Б. Оспанова сенатормен бірлесіп «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына барды.
Сапар барысында депутаттарға жалпы ауданы 1271,6 га АЭА-ның ауқымы мен әлеуеті туралы ақпарат ұсынылды. Бүгінгі күні аймақ аумағында базалық өндірістік және инженерлік инфрақұрылым қалыптасқаны атап өтілді: энергиямен қамтамасыз ету жүйелері, теміржол және автожол желісі, әкімшілік орталық, өрт депосы, сондай-ақ сумен жабдықтау және кәріз объектілері жұмыс істейді, бұл тұтастай алғанда инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. АЭА инфрақұрылымын дамытуға бюджеттік салымдардың тиімділігі атап өтілді.
Жұмыс сапары барысында «Сарыарқа» АЭА қызметінің басым бағыттарына ерекше назар аударылды, олардың негізгілері металлургия және металл өңдеу болып табылады. Депутаттар аймақтың барлық жұмыс істеген кезеңіндегі негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен танысты. Қазіргі уақытта мұнда 23 қатысушы тіркелген, олардың 14-і өндірістік қызметті жүзеге асыруда. АЭА құрылған сәттен бастап инвестициялардың жиынтық көлемі шамамен 220 млрд. теңгені, өндірілген өнім көлемі - шамамен 275 млрд. теңгені құрады.
Сонымен қатар, талқылау барысында АЭА-ның одан әрі дамуын және жаңа инвесторларды тартуды тежейтін түйінді мәселелер ортаға салынды. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымның жекелеген объектілерін дамытудың жеткіліксіздігі, электрмен жабдықтау қуаттарының шектелуі, сондай-ақ тарифтік саясатты, ең алдымен электр энергиясының құны бөлігінде жетілдіру қажеттілігі атап өтілді.
Бүгінгі таңда электрмен жабдықтаудың қолданыстағы қуаты 220 МВт құрайды, ал техникалық шарттар бойынша 460 МВт-қа дейін қосылуға мүмкіндік берілген. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға ағымдағы қуаттар жеткілікті, алайда өндірістік жүктеме өскен сайын және жаңа объектілер іске қосылған кезде перспективалы жобалар үшін электр энергиясының тапшылығытуындау қаупі бар.
Жұмыс сапары аясында депутаттар «Сарыарқа» АЭА аумағында орналасқан «Qaragandy POWER Silicon» ЖШС кәсіпорнында болды. Компания аймақтағы жетекші поликремний өндірушісі болып табылады және осы салада он жылдан астам тәжірибесі бар, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары сапалы күн және электронды сыныптағы поликремний шығаруға маманданған.
Сапар қорытындысы бойынша депутаттар «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының Қарағанды облысының және тұтастай алғанда елдің индустриялық және инновациялық дамуының негізгі алаңдарының бірі ретіндегі маңыздылығын атап өтті.
Сапар барысында көтерілген проблемалық мәселелер депутаттық корпустың бақылауына алынып, орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында пысықталатын болады.